Жазасын өтеп жатқан Перизат Қайрат колонияда жұмысқа орналасты. Бұл туралы ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті хабарлады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
ҚАЖК мәліметінше, Перизат Қайрат сот үкіміне сәйкес қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеп жатыр және жұмыспен қамтылған. Ресми жауапта оның қызметтік үй-жайларды тазалау жұмыстарын атқаратыны көрсетілген.
Сондай-ақ, ведомство сотталғандардың жазасын өтеу орны туралы олардың жақын туыстарына ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің 25-бабына сәйкес хабар берілетінін еске салды.
Бұған дейін ҚАЖК Перизат Қайратты колонияда оқытып, мамандық алуға мүмкіндік бар екенін, тіпті оның толық орта білімі болмаса да, тиісті көмек көрсетілетінін хабарлаған болатын.
Айта кетейік, жуырда Перизат Қайратқа тиесілі болған 79 миллион теңгелік Mercedes автокөлігі саудаға шығарылғаны белгілі болды. Алайда кейін ол мемлекеттік органның балансына берілді.


