Алматы облысында тұрғын үй кешені бірнеше күннен бері жарықсыз отыр
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 09:22
- 31
Алматы облысында мыңнан аса отбасы бірнеше күннен бері жарықсыз отыр. Бесағаш ауылындағы "Ашық төбе" тұрғын үй кешенінде электр энергиясы осылай жиі өшеді екен. Жұрт коммуналдық қызмет үшін төлем жасап отырса да, жарықпен қамтитын мекемеге 36 миллион теңге қарыз болып шығыпты. Бұған меншік иелері бірлестігі кінәлі дейді тұрғындар, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
«Ашық төбе» тұрғын үй кешенінде жарық жиі өшеді. Соның кесірінен жұрт тоңазытқыштағы тамағымыз бұзылып, 12-ші қабатқа дейін жаяу көтеріліп түсуге мәжбүрміз дейді. Мұнда электр энергиясы болмаса, су да болмайды. Сондықтан тұрғындар жуынудан қалған.
«Жарық болмаған жағдайда су да болмайды. Дәретханаға да шыға алмаймыз. Қай жерге барамыз? Мысалы, жақын жерде «Апорт» бар, сол жаққа барамыз», дейді Шолпан Албекова.
«Бесінші қабатта тұрамын, лифтсіз өте қиын. Жарық жоқта далаға шыға алмаймыз. Екі баламен баспалдақпен көтеріліп-түскен де қиын», - дейді Әсем Әбілдаева.
Төлемді уақтылы жасайтын халық жарыққа миллиондаған қарызы бар екенін ын білген. Бұған кінәлі мүлік иелерінің бірлестігі дейді олар. Яғни жұрттан жиналған қаражатты жарықпен қамтитын мекемеге аудармаған көрінеді.
«Қазір біз жарыққа 44 миллион берешек болып отырмыз. Ол қайдан жиналған ақша? Сонша берешек қайдан келіп жиналып отыр? Бізде ОСИ заңгері бар. Ол кісі қайда қарап отыр? Ол кісінің тікелей міндеті — берешек адамдармен жұмыс істеу. Бізде кінәлі үй салғандар дейді. Ол кінәлі болса, ОСИ солармен жұмыс істеуі керек еді, дұрыс па?», - дейді Дана Қайырқызы.
Мүлік иелері бірлестігінің бұрынғы төрағасы мәселеден ат-тонын ала қашты. Айтуынша, бар кінә үйді салған құрылыс компаниясында.
«Құрылыс компаниясы ТП-ны АЖК-ға берген жоқ. Бізде, ОСИ-де тариф екіге бөлінеді: тұрмыс тұтынушысы және заңды тұлғалар бар. Осының арасынан айырмашылық пайда болады да, сол сома жиналып-жиналып, осы уақытқа дейін қарыз болып келеді»,- дейді Райымбет Түкпетов, Мүлік иелері бірлестігінің бұрынғы төрағасы.
Қарыздың көбеюіне бірнеше себеп бар. Трансформатор станциясы әлі күнге дейін энергия беруші мекеменің теңгеріміне өтпеген. Соның салдарынан мекеме тұрғындармен жеке келісімшарт жасамаған. Коммерциялық нысандар мен тұрғын үйдің есебі бөлінбегендіктен, шоттар заңды тұлғаларға арналған жоғары тарифпен келеді.
Ал «Алатау жарық» мекемесі алты айдан бері жиналып қалған берешек толық өтелмейінше, жарықты қоспаймыз деп кесіп айтты.
«36 миллионнан аса қарыз бар. 46 миллион болған, жұма күні 10 миллион төледі. 2025 жылдың желтоқсан айынан бастап ай сайын хабарлама жіберілді. Әрекет болмағандықтан, төлем жасалынбағай, осындай іс-шара қолдандық. Толық төлем жасалмайынша, жарықты өшіруге тура келеді», Диана Нұрбакова “Алатау жарық компаниясы”, “Энергосбыт” филиалының жабдықтау жөніндегі басқарушы директоры.
Тығырыққа тірелген тұрғындар енді кінәлілер миллиондаған қарызды «тезірек төлесе екен» дейді. Әрі олардың тиісті жазаға тартылуын талап етіп, енді сотқа жүгінбек.




