Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«4,2 миллион теңге»: Еңбек министрлігі ең жоғары жалақы сұрайтын мамандарды атады

«4,2 миллион теңге»: Еңбек министрлігі ең жоғары жалақы сұрайтын мамандарды атады
Сурет: blizko.by
2026 жылдың басынан бері Enbek.kz платформасында 304 мыңнан астам бос жұмыс орны және 394,5 мыңға жуық түйіндеме жарияланды.

Наурызда Enbek.kz электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер 102,6 мыңға жуық бос жұмыс орнын жариялаған. Еңбек министрлігі оның ішінде ең көп жалақы ұсынылған мамандар тізімін жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Министрлік мәліметінше, наурызда ең жоғары жалақыны заң бөлімі бастығының орынбасарларына - шамамен 1,4 миллион теңге, бағдарламалық қамтамасыз ету архитекторларына - шамамен 1,38 миллион теңге, өндіруші саладағы өндіріс бастықтарына - шамамен 1,14 миллион теңге ұсынған.

Ал жұмыс іздеушілер 107,1 мың түйіндеме орналастырған. Олар бұдан да жоғары жалақы күтетінін көрсеткен. Ең көп еңбекақы алғысы келгендер:

  • HR бизнес-серіктестер - шамамен 4,2 миллион теңге,
  • каротажшылар (ұңғымалармен жұмыс істейтін мамандар) - шамамен 3 миллион теңге,
  • өнеркәсіптегі зертхана бастықтары - шамамен 2,5 миллион теңге.

2026 жылдың басынан бері Enbek.kz платформасында 304 мыңнан астам бос жұмыс орны және 394,5 мыңға жуық түйіндеме жарияланды. Ақпан айымен салыстырғанда жұмыс берушілердің ұсыныстары 3,7 пайызға артса, іздеушілердің белсенділігі 14,3 пайызға төмендеген.

Бос жұмыс орындарының ең көп саны білім беру саласына тиесілі - 22,6 мың ұсыныс. Сондай-ақ өзге де қызметтер секторында жоғары сұраныс тіркелді - 21,2 мың бос орын.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында (8,7 мың бос орын), сондай-ақ ауыл, орман және балық шаруашылығында (7,9 мың) кадрларға деген тұрақты қажеттілік сақталған.

Жұмыс туралы ұсыныстардың басым бөлігі Түркістан облысында орналастырылған - 7,7 мың бос орын. Одан кейінгі орында Қарағанды облысы - 7,6 мың, Астана қаласы - 7,2 мың, Павлодар облысы - 7,2 мың және Атырау облысы - 6,5 мың бос орын.

Барлық бос жұмыс орынының шамамен 40 пайызы орта деңгейдегі білікті мамандарға арналған. Төмен біліктілік талап етілетін орындар ұсыныстардың 31 пайызын, ал жоғары біліктілік талап етілетін орындар 29 пайызын құрайды.

Іздеушілер арасында 35 жасқа дейінгі жастар басым - түйіндемелердің 42 пайызы. 35-44 жас аралығындағы кандидаттар 26 пайызды, 45-54 жастағылар - 20 пайызды, ал 55 жастан асқандар - 12 пайызды құрады.

Іздеушілердің 54 пайызы әйелдер, 46 пайызы ерлер.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар