Қоғам

Алматыда материалдық емес мәдени мұраны сақтау мен ілгерілетудің жаңа тәсілдері талқыланды

Алматы қаласында материалдық емес мәдени мұраны сақтау мен ілгерілету мәселелеріне, сондай-ақ 2003 жылғы Конвенцияны іске асыру барысына жүргізілген орта мерзімді бағалауға арналған ұлттық дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, ЮНЕСКО Хатшылығының, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының, сарапшылар қауымдастығы мен еліміздің өңірлерінің өкілдері қатысты.

Іс-шара 2025-2026 жылдарға арналған ЮНЕСКО-ның Техникалық гранты аясында жүзеге асырылып жатқан екі күндік бағдарламаның алғашқы күні шеңберінде өтті. Қазіргі уақытта грант пилоттық режимде Қазақстанның бес өңірінде – Жетісу, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қызылорда облыстарында іске асырылуда. Аталған өңірлерде грантты тиімді басқаруды қадағалап, оның орындалуына тұрақты мониторинг жүргізетін арнайы жұмыс топтары құрылған.

Жиында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ұлттық мәдени дәстүрлерді жүйелі түрде мемлекеттік қолдаудың маңызын атап өтіп, осы бағытта нақты практикалық шешімдер әзірлеу қажеттігіне тоқталды.

Өңірлер алдында қазақтың дәстүрлі мәдениетінің ұмыт қалған элементтерін жаңғырту және оларды кеңінен насихаттаудың заманауи тәсілдерін, соның ішінде цифрлық медианы енгізу міндеті тұр.

«Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында атап өткендей, шынайы отаншылдық нақты істен, туған жерге деген сүйіспеншілікпен және қоғамға қызмет етуге дайын болудан көрінеді. Отбасында ұқыптылықпен сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан бірегей мұра мемлекет тарапынан нақты қолдауға ие болып, заманауи мәдени ортада толыққанды дамуы қажет. 2003 жылғы Конвенция материалдық емес мұра тұжырымдамасы ретінде Қазақстан қоғамының құндылықтарымен толық үндеседі», – деді Аида Балаева.

ЮНЕСКО-ның 2003 жылғы Конвенция Хатшылығының басшысы Фумико Охината халықаралық көмек тетігінің Конвенцияны іске асырудағы негізгі құралдардың бірі ретіндегі маңызын ерекше атап өтті.

«Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасының ұлттық тізімі жаңартылып, елдің әртүрлі өңірлеріндегі жергілікті қауымдастықтардың әлеуеті нығайтылғанын көру – қуанышты жайт. Біз қазақстандық мемлекеттік органдар мен қауымдастықтардың жұмысын жоғары бағалаймыз және бұл тәжірибе өзге елдерді де халықаралық көмек тетігін белсендірек пайдалануға ынталандырады деп сенеміз», – деді Фумико Охината.

Талқылау қорытындысы бойынша дөңгелек үстел барысында айтылған ұсыныстар жүйелендіріліп, алдағы жұмыста ескерілетіні атап өтілді.

Бүгінде ЮНЕСКО жобасының бірінші кезеңін іске асыру аясында қолданыстағы Ұлттық тізімдегі 79 элементтің 56-сы құжатталған, материалдық емес мәдени мұраның 277 иесімен сұхбат жүргізілген.

Сонымен қатар бес пилоттық өңірде оқыту семинарлары өткізілді. Қазіргі уақытта Қазақстанның материалдық емес мәдени мұра иелерінің интерактивті деректер базасын жасау жұмысы жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ екі салалық секция өтіп, онда ауызша және эпикалық мұра мәселелері, бейінді мамандар даярлау, құжаттық мұраны дамыту, оны цифрландыру және қорларға қолжетімділікті кеңейту, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеуде дәстүрлі ойындар мен фольклорлық сайыстарды пайдалану мәселелері талқыланды.

Бағдарламаның екінші күніне пилоттық өңірлердің облыстық буын басшыларына арналған жабық оқыту семинары, жергілікті деңгейде материалдық емес мәдени мұра элементтерін айқындау және дамыту жөніндегі семинар-брифинг, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның Техникалық грантын іске асыруға арналған жұмыс кеңесі жоспарланған.