Денсаулық

«Жатырды жарып жіберген»: сәбиінен айырылған көпбалалы ана уақытында босандырмаған дәрігерлерді кінәлады

38 жастағы Жазира Төлежанова былтыр қараша айында облыстық перзентханада алтыншы баласын дүниеге алып келу керек еді.

Түркістан облысы Арыс қаласының тұрғыны айы-күні жақындап перзентханаға босануға барғанда дәрігерлер “толғақ тоқтап” қалды деп дер кезінде босандырмаған. Салдарынан іштегі бала өлі туылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

38 жастағы Жазира Төлежанова былтыр қараша айында облыстық перзентханада алтыншы баласын дүниеге алып келу керек еді. Бес баласын өздігімен босанған ол бұл жолы баланың табиғи жолмен дүниеге келмейтінін сезген. Толғағы тоқтап қалған соң дәрігерлерден кесар тілігін жасауды сұраған.

“Дәрігер маған “толғағың тоқтаса қайта күтеміз” деді. Сөйтіп тұрған кезде бала қабырға тұсымнан екі рет қатты тепсініп, қимылдады. Бала сол тұншығып іште ең соңғы қимылы болған. “Баланың басы төмен түссін" деп санитар, акушер мен дәрігер мені тастап өздері сыртқа шығып кетті”, – дейді Жазира сол қорқынышты күнді еске алып. 

Іште жатқан бала анасын тепсінгенде жатырды жарып жіберген. Сөйтіп, қан кетіп, келіншектің сөзіне мән бермеген дәрігерлер ақыры кесар тілігін жасаған.. Бірақ шарананың кіндігі мойнына байланып, өлі туылған. 5 жыл күткен сәбиден бір сәтте айырылдым деген ана дәрігерлер сол күйі жазаланбады деп ашынады.

“Мені босандырған дәрігер. Сол кісінің салғырттығы. Білімсіздігі деп те айтамын. Дәрігер және акушер өздеріне тиесілі жазасын алса деймін. Дәрігерді жұмыстан шығарыпты. Бірақ өз еркімен жұмыстан кеткен. Ол ертең кез-келген жерге барып, жұмысқа орналаса алады. Менен кейінгі басқа да келіншектер қорықпай барса екен деймін”, – дейді сәбиінен айырылған ана.

Алайда перзентхананың өкілдері жүкті әйелге тиісті ем-дом көрсетілгенін айтты.

“Балпақтай баланы жоғалту ол қиын нәрсе. Жазира қазір жала жауып, Жазира жаман әрекетке барып жатыр деп ойламаймын. Өзіміздің басымызға түскенде қалай әрекет жасайтынымызды. Бізде клиникалық протокол бар. Біз жатырында тыртық бар әйелдерді босандырамыз. Әйелдер босанып жатыр. Ол Баймахамбетов деген дәрігер де кеше келген, тәжірибесі жоқ дәрігер болса бір жөн. Ол білікті дәрігер”, – дейді №2 облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Эльмира Қожахметова.

38 жастағы Жазира Төлежанова полицияға да арыз жазған. Бірақ бес ай өтсе де тергеу әлі аяқталмапты. Әділдікке қол жеткізе алмай жүрген әйелдің жатырына зақым келген. Сондықтан ол медицина мамандарының салғырттығынан енді сәби сүюуім екіталай деп қынжылады.