Алматы облысында жетім қызды сегіз жігіт зорлады: екі күдікті ұсталды
Жетім қызды зорлады деген күдікке ілінген сегіз ер адамның екеуі қамауға алынды.
Алматы облысында 15 жастағы жетім қызды зорлады деген күдікке ілінген 8 жігіттің екеуі ұсталды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Аталмыш оқиға Алматы облысының Райымбек ауданындағы ауылдардың бірінде болған. 15 жастағы оқушының айтуынша, сегіз ер адам екі ай бойы оны қорқытып, бопсалап, жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген.
Қыз күдіктілердің бірімен әлеуметтік желіде танысқан. Кездесуден бас тартқанда оны 20 жастағы жігіт бопсалай бастаған. Сөйтіп түнде үйінен шығуға мәжбүр болған. Күдікті оны көлігімен алыс жерге апарып, күш қолданған. Осыдан кейін, жігіт қыздың жеке мәліметтерін таныстарына беріп жіберген. Олар да қорқытып, жыныстық әрекеттерге мәжбүрлеген.
Осылайша күдіктілер саны сегіз адамға дейін жеткен. Олардың бесеуі – сол ауылдың тұрғыны. Жәбірленуші – ата-анасынан айырылған, қазіргі таңда туыстарының қолында өсіп жатыр.
Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 19 наурызда 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктілер анықталды. Олардың екеуі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қалған күдіктілерге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттерінің кешені орындалды. Барлық тараптың уәждері мұқият тексерілуде. Жәбірленушіге қысым көрсетілмейді. Тергеудің толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету үшін қылмыстық іс облыс орталығының тергеу бөлімшелеріне беріліп, арнайы тергеу-жедел тобы құрылды», – деп хабарлады полиция.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жалғасуда.