Қоғам

Елордалық студенттерге есірткі қылмысы туралы телекөпір өткізілді

Елорда прокуратурасы «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Полиция департаментімен және Қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен бірлесіп, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 150-ден астам студентіне арнап телекөпір өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шара барысында студенттерге тәжірибелік кеңестер беріліп, жастардың есірткі қылмысына тартылу схемалары түсіндірілді. Сондай-ақ есірткі қылмысы үшін сотталған адаммен онлайн форматта кездесу өткізу мүмкіндігі қарастырылды.

Кездесу барысында азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері және құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік тақырыптары талқыланды.

Телекөпірдің негізгі ерекшелігі студенттердің сотталған тұлғалармен тікелей сұхбат құруы болды.
Сотталғандардың бірі өз сөзінде қоршаған ортаның ықпалына және тез табыс табуға ұмтылып, есірткі таратумен айналысуға келісім бергенін айтты. Кейін бұл әрекет оның қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бас бостандығынан айырылуына әкелгенін, сәйкесінше өмірлік жоспарлары мен болашағына айтарлықтай әсер еткенін жеткізді.

Телекөпір қорытындысында қатысушылар тікелей диалог форматы мен осындай тәжірибеге негізделген тәсіл профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыратынын атап өтті.

Елорда прокуратурасы жыл соңына дейін осындай профилактикалық іс-шаралар қаладағы барлық жоғары оқу орнын қамтуды жоспарлап отыр.