Алматы облысы: 15 жастағы қызды зорлады деген екі күдікті қамауға алынды
Алматы облысында 15 жастағы оқушы қызды зорлады деп айыпталғандардың екеуі қамауға алынды.
Қазір олар тергеу изоляторында. Қалғанына қатысты да тексеру жүріп жатыр. Сегіз бірдей жігіттен ұзақ уақыт қорлық көріп келгенін мектеп оқушысы күні кеше жариялаған. Райымбек ауданында тұратын қыздың айтуынша, алғашында ауылдасымен көңіл жарастырып сөйлесіп жүрген. Кейін сол жігіттің достарының да ермегіне айналған.
Қаңқу сөзді бір-біріне жеткізген олар, қаршадай қызды қорқытып,екі ай бойы арам пиғылын іске асырды дейді жәбірленуші. Жақындары қыздың денсаулығы сыр бергенде ғана бар шындықты біліпті. Полицияға түскен арызда аты аталған жігіттердің алды 25 жаста, кішісі 16-да. Кәмелетке толмаған қызбен жыныстық қатынасқа түсу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу сол бойынша жүріп жатыр.
"Жедел іздестіру шарасында күдіктілер анықталып,екеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қалған күдіктілерге қатысты тергеу жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу жалғасуда. Тергеу Алматы облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында",-дейді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сәйділдин.