Қоғам

Қаланың сегіз ауданында бір күнде 2,5 мың текше метрден астам қалдық шығарылды

Алматыда «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясына 36 мыңнан астам тұрғын қатысты

2026 жылы 11 сәуірде Алматыда «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында жалпықалалық сенбіліктер ұйымдастырылды. Іс-шаралар қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға, санитарлық мәдениетті арттыруға және қалалық ортаны көркейтуге бағытталды. Бұл туралы қаланың коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының өкілдері айтты.

«Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы қаланың сегіз ауданындағы 23 нысанды қамтыды. Іс-шараларға 36 300 адам қатысып, 365 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2590 текше метр қоқыс пен қалдық шығарылды. Сонымен қатар, сенбілік аясында 50 ағаш пен 700 бұта егіліп, бұл қаладағы жасыл желекті көбейтуге және экологиялық ахуалды жақсартуға ықпал етті.

Әсіресе, Медеу және Алатау аудандарында қатысушылар саны көп, бұл екі ауданда жалпы 15 мыңнан астам адам сенбілікке қатысты. Сондай-ақ, Бостандық, Әуезов және Наурызбай аудандарында да тазалық жұмыстары кең көлемде жүргізілді.

Жұмыстар қаланың негізгі аумақтарын қамтыды: Үлкен Алматы, Есентай және Қарасу өзендерінің жағалаулары, аула аумақтары, саябақтар мен қоғамдық кеңістіктер тазартылды. Әсіресе, арық жүйелерін, жасыл аймақтарды және тұрғындар көп жиналатын орындарды тазалауға ерекше көңіл бөлінді.