Теміртауда автобус ішінде тамақ жеген жолаушыны жүргізуші жолда түсіріп кетті (ВИДЕО)
Автобус жүргізушісі тамақ жеген жігітке шабуыл жасады.
Теміртауда қоғамдық көлік жүргізушісі салон ішінде тамақ жеген жолаушыға шабуыл жасады. Ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы видер әлеуметтік желілерде таралуда. Кадрларда автобус жүргізушісі алдымен жолаушыға наразылығын білдіріп, кейін оны қоғамдық көліктен түсіріп жібермек болғаны көрінеді.
Ол жолаушыға бейәдеп сөздер айтқан. Ал 20 жастағы жігіт өзін сабырлы ұсытаған.
Аймақтық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл бейнежазбаға қатысты түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, жанжал жолаушының автобус ішінде тамақ жеуінен басталған. Бұл жүргізушіге ұнамай, ол жігіттен автобустан түсіп кетуін талап еткен.
«Анықталғандай, 20 жастағы жолаушы өзінен кейін тазалап, өз еркімен түсіп кеткен. Сондай-ақ сөзге келу барысында жүргізуші қоғамдық тәртіп нормаларын бұзатын сөздер айтқаны тіркелді. Полицейлер ер адамның жеке басын анықтады — ол 43 жастағы өңір тұрғыны болып шықты. Оған қатысты қоғамдық орында балағат сөз қолданғаны үшін ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Материалдар сотқа жолданды», — деп хабарлады ведомство.
Полиция қоғамдық көлікте тәртіп сақтау барлық қатысушылар үшін міндетті екенін еске салып, кез келген жанжал заң аясында шешілуі тиіс екенін атап өтті.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Теміртаудағы тағы бір оқиға талқыланған еді. Онда басқа автобус жүргізушісі 20 жастағы ерекше қажеттілігі бар тұрғынды көліктен қуып шыққан. Осыдан кейін жігіт жоғалып кетіп, іздеуге жарияланған. Іздеу жұмыстарына еріктілер де қатысқан. Кейін оны полицейлер тапқан.