"Іште ыңырсыған дауыс шықты": Астанада үш бала көз жұмған өрттің мән-жайы туралы туралы куәгер айтты
Астанада көпқабатты тұрғын үйдегі өрттің қалай болғаны туралы куәгер айтып берді.
Астанада көпқабатты тұрғын үйде болған өрт туралы көршілердің бірі баяндап берді. Айтуынша, түнде жұмыстан шаршап келген ол түтіннің иісінен оянып кеткен, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Оқиға туралы Аша есімді астаналық Threads парақшасында жазды.
“Түн ортасында, шамамен сағат 01:17-де оянып кеттім. Оттың шытырлаған дауысы естілді. Алғашында розетка болу керек деп ойлап, ұйқылы-ояу күйде бәрін тоқтан ажыратуға кірістім. Бірақ еш нәтиже болмады. Көзімді дұрыстап ашып қарасам, пәтер ішін түтін басып барады. Сол сәтте ыңырсыған дауыс құлағыма жетті. Дереу көршінің пәтеріне жүгіріп барып, есікті ұрдым. Бірақ ешкім келмеді. Одан кейін басқа көршілердің есігін қақтым. Ақырында ерлі-зайыпты көршілер есік ашып, түсінбей қарап тұрды. Мен: “Көршінің пәтерінде өрт шықты. Тез арада бірдеңе істеу керек, көмектесейік!” деп айғайладым ”, – дейді тұрғын.
“Өрт сөндірушілерге хабарластым. Сол сәтке дейін іште ыңырсыған дыбыс шығып тұрды. Өрт сөндірушілер пәтердің есігін біразға дейін аша алмады. Ал бізді түгелдей сыртқа шығарып жіберді. Көршілер бір-біріне хабарласып, чаттарға жазып жатты. Сол сәтте өрт сөндіру техникасының бір бөлігі үйге жақындай алмай тұрғанын байқадық. Себебі бір жүргізуші көлігін дұрыс қоймай, жолды жауып тастаған. Кейін оның көлігі алынып, техникаға жол ашылды”, – дейді әйел.
Кейіннен пәтерден денесін күйік шалған әйел шығарылып, ол бірден жедел жәрдем көлігіне жеткізілген.