"Бағасы 16 мыңнан 25 мыңға дейін": мектеп бітіру кешіне ата-аналар мейрамханаларға төлем жасап қойған
Мектеп бітіру кешін ұйымдастыруға тыйым салынгғанымен, ата-ангалар оған келіспейді.
Министрлік түлектердің мектеп бітіру кешін тойлауға тыйым салып отыр. Бірақ оны елеп жатқан ата-ана мен бала аз. Қазірден асабамен келісіп, мейрамханаларға төлем жасап қойған. Олар жалдамалы қымбат көліктермен қала аралап, таңға дейін қыдыруды да жоспарлап қойыпты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
Биыл баласы мектеп бітіретін алматылық ата-аналар дайындыққа кірісіп кеткен. Олар түлектер кешін ұл-қызының қалауына сай өткізбек — естелік суретке түсіруден бастап, мейрамханадағы тойлауы, тіпті лимузинмен қала аралап, таңды қарсы алуға дейін жоспарлап қойған.
«Қазіргі балаларды білесіз ғой, өз сұрақтарын тура қояды, қатысқым келеді, не болмаса қатысқым келмейді деген сияқты. Өз талаптарын қояды. Ата-аналар ұйымдастырды ғой, сол кезде, бірінші, балалардың талабын ескердік. Ол жерде үйтіп қалтасына салмақ түсірмесін деп, кейде бөліп-бөліп төлеп, кейде 10 мыңнан, кейде 20 мың, ақшасы бар 50 мың деген сияқты». - дейді Гүлнұр Алпысбаева, ата-ана.
Жиналған қаражатқа сай түлектер кешін тойлайтын жер де таңдалған. Мейрамханалар сол күні ата-аналар мен мектеп бітіруші ұл-қыздарға уақыт жағынан «шектеу қоймаймыз» деп отыр. Яғни таңға дейін тойласа да өз еркі. Ата-аналар мейрамханаға тапсырысты көктем басталысымен беріп қойған. Мәселен, бұл тойхананың мәзірі адам басына 16 мың мен 25 мың теңге аралығында. Мейрамхана басшысының айтуынша, қазірдің өзінде маусым айына бос орын жоқ.
«16 мыңнан 25 мыңға дейін мектеп бітіру кешінің бір бағасы. Оның ішіне бәрі кіреді. Тамағы да, сусыны да, десерті де. Таңғы сағат 5-ке дейін, 4-ке дейін болады. Сол үшін біз кішкене аспазымыз, жұмыскерлерге ақшаны кішкене көбірек төлейміз. Ата-аналар таңға дейін боламыз десе ата-аналар қасында болады. Сағат 4-ке дейін болады, сағат 9-да басталады», - дейді мейрамханалар желісінің басшысы Гүлнар Кеңесқызы.
Қазір кешкі көйлекті жалға беретін дүкендердің де жұмысы қызған. Мектеп бітіруші қыздар бір-бірінен асып түсуге тырысуда. Көйлекті жалға алу бағасының өзі 50 мың теңгеге дейін. Ал сатып алса, миллионға дейін жетуі мүмкін. Тігіншілердің айтуынша, ата-анасы қызынан ақшасын аямайды.
«Тапсырысты наурыз айынан бастап қабылдап жатырмыз. Мамырдың соңында тіпті көбейеді. Қыздарға көйлекті жалға беру 18 мың мен 50 мың теңге аралығында. Сатып алатын болса, 100 мың теңгеден басталады. Атақты бренд көйлектеріміз 500 мың мен миллион теңгеге дейін қымбат. Ұлдарға арналған костюм, галстук, аяқ киімнің жалға беру құны 30 мың теңгеден басталады», - дейді Ләззат Лазарчук, тігінші.
Ата-аналар комитеті қазір әр мектеп, әр сыныпта бар. Үш-төрт адамнан құралған топтың міндеті — балаға қатысты барлық шығын мен қажеттілікті жинап, реттеу. Мектеп директорлары «оған араласа алмаймыз» дейді.
«Жыл басында, ортасында, жиналыста ата-аналарға айтамыз. Ешқандай ақша жинау болмасын, тыйым салынады. Аттестатты толтыруға ақша жинамаңыздар. Ал енді мектепті бітіріп, аттестатты қолына алғаннан кейін әр ата-ана өзі біледі. Оны тойлай ма, мейрамханада ма, болмаса басқа жерге, шетелге бара ма, оны өзі шешеді. Ол өзінің жеке ісі. Оған мектеп ешқандай көзқарасын айтпайды. Ол біздің мектептің құқығына жатпайды», - дейді Алматы қаласы М. Мәметова атындағы №28 лицей директоры
Айсұлу Медетбекова.
Егер ұстаздар тарапынан қандай да бір ақша жинағаны жайында шағым түссе, шара қолданылып, жұмыстан шығарылады дейді мектеп директоры. Бітіру кешін бірі 11 жыл оқыған алтын ұямызбен әдемі қоштасу деп санаса, енді бірі қалтаны қағар шығын екенін жасырмайды.