Түркістан облысында сабақ үстінде оқушылар карта ойнаған: меткеп директоры қызметінен кетті
Оқушылар сабақ кезінде карта ойнағаны үшін мектеп директоры қызметінен босатылды.
Түркістан облысында сабақ кезінде оқушылар карта ойнаған. Мектеп басшылығы түгелге жуық жауапқа тартылып, бірқатар лауазымды тұлғалар қызметінен кетті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Оқиға Сарыағаш ауданындағы Мұқағали Мақатаев атындағы мектепте болған. Әлеуметтік желіде тараған видеода 11-сынып оқушылары сабақ үстінде карта ойнап отырғаны көрінеді. Сол сәтте сыныптағы бастапқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі жағдайға мән бермей, телефонмен сөйлесіп отырған.
Аталған жағдайдан кейін білім басқармасы қызметтік тексеріс жүргізген. Тексеріс қорытындысы бойынша мектеп директоры тараптардың келісімімен қызметінен босатылған. Оқиғаға жол берген педагог өз еркімен жұмыстан кеткен. Сонымен қатар тәрбие ісі және оқу ісі жөніндегі директордың орынбасарлары да қызметтерінен шеттетілген.
Бұл оқиға тек мектеп ұжымымен шектелмей, оқушылардың ата-аналарына да әсер етті. Карта ойнаған жоғары сынып оқушыларының ата-аналарына ресми ескерту берілген.
Білім бөлімі тарапынан жауапты тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, кінәлілерге қатысты тәртіптік және заңда көзделген өзге де шаралар қабылданатыны айтылды.