Еліміздегі ең төменгі жалақы 150 мыңға дейін өсуі мүмкін
Қазақстанда алдағы уақытта ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін жеткізу қарастырылып жатыр.
Ең төменгі жалақы 85 мың теңгені 150 мыңға арттыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы үкімет кулуарында ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Әмриннің айтуынша, қазіргі уақытта халықтың нақты табысын арттыру мәселесі бірнеше бағыт бойынша пысықталып жатыр, соның бірі - ең төменгі жалақы мөлшерін қайта қарау.
"Бірінші кезекте бұл - ең төменгі жалақы мәселесін қарастыру. Иә, мұндай мәселе күн тәртібінде тұр", - деді Әмрин.
Ол қазіргі уақытта ЕТЖ 85 мың теңге екенін еске салды. Бұл ретте вице-министр көптеген елде ең төменгі жалақы медианалық жалақының 50 пайызына жететінін атап өтті.
"Яғни, алдағы уақытта ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін жеткізу - біздің міндетіміз", - деді шенеунік.
Оның айтуынша, бәрі бюджеттің мүмкіндігіне байланысты болады.
"150 мың теңге қашан болатынын қазір айта алмаймын. Бұл өте ауқымды әрі күрделі мәселе. Бәрі бюджеттің мүмкіндіктеріне байланысты. Біз биылғы түсімдердің қалай болатынын көреміз. Егер осы динамика сақталса, онда бізде мұны іске асыруға қаржылық мүмкіндік туады", - деп толықтырды ол.
Ең төменгі жалақы, ең алдымен, жұмыс берушінің толық жұмыс айы үшін қызметкерлерге төлеуге міндетті ең төменгі шекке әсер етеді. Сонымен қатар ол кейбір салықтарды, әлеуметтік жарналар және мемлекеттік жәрдемақыларды есептеу үшін негіз ретінде қолданылады. Сондай-ақ ЕТЖ-ның өзгеруі көбінесе төлемдер көлемін және жалпы экономикадағы жалақының "төменгі шегін" қайта қарауға түрткі болады.