Қоғам

Шерзат Болаттың өліміне кінәлі деп танылған екі сотталушы өздерін ақтауды сұрады: сот шешім шығарды

16 жастағы Шерзат Болат ісі бойынша сотталған Азамат Тоқтаубаев пен Дидар Қалиахметқа қатысты үкім өзгеріссіз қалдырылды.

Кассациялық сот Талғарда қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Болат ісі бойынша сотталған Азамат Тоқтаубаев пен Дидар Қалиахметқа қатысты сот актілерін өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Telegram-дағы арнасында сот актілерін өзгеріссіз қалдыру себебі түсіндірілді.

Кассасиялық соттың мәліметінше, 2024 жылғы қазанда сотталғандар басқа тұлғалармен бірге топтық төбелеске қатысып, оның барысында екеуі де жәбірленушілерге күш қолданған. Тоқтаубаев пышақ сілтеп, тас лақтырған.

Дене жарақаттарының салдарынан жәбірленушілердің бірі есінен танып қалған. Осыны пайдаланып, Тоқтаубаев оның ұялы телефонын білдіртпей алып, жанжалға қатысқан басқа адамдармен бірге оқиға орнынан кетіп қалған.

Кассациялық шағымында Тоқтаубаев адамдарды ұрмағанын және пышақ қолданбағанын айтып, телефонды ұрлау фактісін жоққа шығарған. Ал Қалиахмет өз кезегінде ешкімге зиян келтірмегенін және ұрып-соғуға қатыспағанын мәлімдеген.

"Кассациялық сот іс материалдарын зерттей отырып, бұл уәждерді қабылдамай, екеуінің де басқа тұлғалармен бірлесіп әрекет еткенін, шабуыл жасаған топтың құрамында болғанын және төбелес кезінде белсенді әрекет еткенін көрсетті. Нәтижесінде сот актілері өзгеріссіз қалдырылды", - делінген хабарламада.

Айта кетсек, Тоқтаубаев бұзақылық және ұрлық жасағаны үшін 15 жылға, Қалиахмет бұзақылық үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылған.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы қазанның 3-інен 4-іне қараған түні Талғар қаласында бір топ жігіттің арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқан. Салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізіліп, біреуі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болған.