Атырауда қызметінен босатылған қалалық полиция басшысы кейін қамауға алынды
Бақтыбек Исаев ұсталып, уақытша ұстау изоляторына жеткізілген.
Атырау қалалық полиция басқармасының бұрынғы басшысы уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі “Ақ Жайық” басылымына сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, Бақтыбек Исаев ұсталып, уақытша ұстау изоляторына жеткізілген. Алдағы күндері тергеу соты оған бұлтартпау шарасын анықтайды.
Сонымен қатар облыстық есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Әлішер Нұршаев пен полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасының басшысы Саламат Қалиевке қатысты да бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі қарастырылуда.
Айта кетейік, бұған дейін ішкі істер министрлігі тексеріс нәтижесінде Атырау облысы полициясының төрт басшысы бірден қызметінен шеттетілетінін растады. Министрліктің ресми нұсқасына сәйкес, бұл жағдай "қызметтік-әскери тәртіптің өрескел бұзылуы, тиісті бақылаудың және жұмысты ұйымдастырудың болмауы" деп түсіндірілді.