Денсаулық

Семейде қосымша табыс табу үшін жұмысқа шыққан студент бір қолынан айырылып қалды

4-курс студенті демалыс күні қосымша табыс табу үшін жұмысқа шыққан.

Семейде 20 жастағы жігіт құрылыс алаңында ауыр жарақат алып, оң қолынан айырылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі  "Жетінші арнаға" сілтеме жасап.

4-курс студенті Асылжан Қалелов демалыс күні қосымша табыс табу үшін жұмысқа шыққан. Алайда, телеарна мәліметінше, қауіпсіздік талаптары сақталмаған нысанда бетон араластырғыштың ішінде қолы кесіліп кеткен.

Асылжан Қалелов құрылыс алаңына үшінші күн ғана жұмысқа шыққан. Оның айтуынша, бригадир ешқандай келісімшартсыз жұмысқа қабылдап, қауіпсіздік техникасын толық түсіндірмеген. Тек бетонараластырғышты қосып-өшіруді көрсеткен. Сол күні құрылғының ішінде тас тұрып қалып, оны алып тастамақ болған. Дәл сол сәтте бетонараластырғыш өздігінен іске қосылып, жігіттің оң қолын жұлып әкеткен.

Жәбірленуші шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, ота жасалған. Алайда дәрігерлер оның қолын сақтап қала алмаған.

Ата-анасы баласының психологиялық жағдайына алаңдаулы. Олар құрылыс компаниясы осы уақытқа дейін хабарласып, жағдайын сұрамағанын айтады. Сондай-ақ, жауапты тұлғалардың заң алдында жазалануын да талап етіп отыр. Ал еңбек инспекциясы бұл оқиға бойынша арнайы комиссия құрылғанын мәлімдеді.