Маңғыстауда жүздеген жылқы қырылды - арнайы комиссия құрылды
- автор kyn.kz
- Бүгін, 17:04
- 25
Маңғыстау облысында ауа райының қолайсыздығы салдарынан жылқылардың жаппай қырылу дерегі тіркелді.
Алдымен жергілікті тұрғындар әлеуметтік желіде мал шығыны туралы хабар таратып, әр шаңырақтан шамамен 10-ға жуық жылқының қырылғанын айтқан. Олардың сөзінше, нөсер жаңбырдан кейін Ақшымырау ауылы маңында жайылған мал сортаң батпаққа батып кеткен. Бірқатар жылқы сол жерде тұншығып өлсе, кейбірі әлі де батпақтан шыға алмай қалған. Ауыл тұрғындары төтенше жағдай қызметтері мен жергілікті биліктен жедел көмек көрсетуді сұрап, мәселе ушығуы мүмкін екенін ескерткен. Сонымен қатар олар заң шығарушылар мен жануарлар құқығын қорғаушыларды жағдайға назар аударуға шақырды.
Кейін жергілікті әкімдік өңірде қалыптасқан ахуалға қатысты түсініктеме берді. Ресми мәліметке сәйкес, қолайсыз ауа райының салдарын жою жұмыстары Сайөтес ауылы аумағында жүргізіліп жатыр. Аталған елді мекен облыс орталығынан 120–150 шақырым жерде орналасқан.
Әкімдік дерегінше, Сайөтес пен 7-разъезд аралығындағы теміржол бойынан қырылған мал анықталған. Оқиға орнын тексеру және жағдайды бағалау үшін 16–17 сәуір күндері арнайы комиссия құрылған.
Алдын ала есеп бойынша, 100-ден астам жылқының өлексесі табылған. Қазіргі уақытта нақты шығын көлемі анықталып жатыр. Себебі мал иелері жануарларды толық түгендеп үлгермеген.
Мамандардың айтуынша, жылқылардың қырылуына қатты жел мен нөсер жаңбыр себеп болған. Бағытынан жаңылған мал адам жетуі қиын аумақтарға кіріп кетіп, батпаққа батып қалған. Кей үйірлер елді мекендерден 60–80 шақырым қашықтықта қырылған болуы мүмкін.
Жоғалған малды іздеу үшін дрондар арқылы әуеден бақылау жүргізілді. Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары жетекшілік ететін арнайы топ отырыс өткізіп, мұнай-газ компанияларына қосымша техникамен қолдау көрсету тапсырылды.




