Зейнетақы жинағынан ақша шешіп алу: енді жаңа әдіспен есептеледі
Министрлік пен БЖЗҚ да соңғы шешімнің қашан қабылданатынын және шектердің қаншалықты өзгеруі мүмкін екенін нақтыламады.
Қазақстанда зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегін анықтау тәсілін қайта қарау жоспарлануда. Қолданыстағы әдістеменің орнына жаңа есептеу формуласын енгізу ұсынылып отыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Қазіргі таңда жеткіліктілік шегі ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, базалық төлем, күнкөріс деңгейі және басқа да әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер негізінде анықталады. Енді бұл тәсілді өзгертіп, актуарлық модельге көшу ұсынылуда. Бұл модельде азаматтың жасы, болашақтағы төлемдер көлемі, жинақтың табыстылығы және демографиялық факторлар ескерілмек.
Мәліметке сәйкес, қазіргі уақытта үкімет қаулысының жобасы қарастырылып жатыр. Онда зейнетақы жинақтарын біржолғы төлемдерге пайдалану ережелерін өзгерту, атап айтқанда тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделуге жұмсау тәртібін қайта қарау көзделген. Құжатта жеткіліктілік шегін есептеу әдістемесін жаңарту да қарастырылған.
Ұсынылып отырған өзгерістердің негізгі мәні - болашақ зейнетақыны қамтамасыз ету үшін шотта қалуы тиіс ең төменгі соманы арттыру. Жаңа модель бойынша есептеу кезінде тек қазіргі көрсеткіштер ғана емес, ұзақмерзімді факторлар да ескеріледі: салымшының жасы, күтілетін төлемдер, демографиялық жағдай, табыстылық және индексация.
Яғни, қаражатты шешіп алу кезінде шотта қалған сома болашақ зейнетақы төлемдерін қамтамасыз етуге жеткілікті ме, соған баға беріледі.
Әзірге нақты қандай өзгерістер болатыны жарияланған жоқ. Министрлік пен БЖЗҚ да соңғы шешімнің қашан қабылданатынын және шектердің қаншалықты өзгеруі мүмкін екенін нақтыламады.