"Жұмыссыз ретінде 1 миллион теңгеге дейін алған": төлемдер жүйесіне өзгерістер енгізіледі
Ертаев МӘСҚ-тан төленетін төлем мөлшерлері бойынша өзгерістер күтілетінін айтты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Қазақстанда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін төлемдер механизмі өзгеретінін мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Үкіметте өткен брифингте Ертаевтан жаңа Әлеуметтік кодекс аясында қазақстандықтардың МӘСҚ-тан алатын төлемдері "айтарлықтай қысқаратыны" рас па деген сұрақ қойылды.
Ертаев МӘСҚ-тан төленетін төлем мөлшерлері бойынша өзгерістер күтілетінін айтты.
"Иә, ондай өзгерістер бар, мен оны растаймын. Бұл қордан қазіргі уақытта анықталып жатқан кейбір схемаларға байланысты. Соңғы мысалдардың бірін келтірейін. Бір бухгалтер 10 ұйымда жұмыс істеген және жеке кәсіпкер болған. Яғни, ол 10 ұйымда бухгалтер болып істеп, бірден барлығынан жұмыстан шығады да, қорға жұмыссыз қалғаны туралы өтініш береді. Қор ережелеріне сәйкес, төлемдер оның соңғы орташа жалақысы ескеріле отырып берілуі тиіс. Қазір төлемдердің ең жоғарғы шегі қайта қаралып жатыр", - деді министр.
Шенеунік пандемияға дейін Қазақстанда 4 ай бойы жұмыс істемеген адам жұмыссыз деп саналғанын түсіндірді. Пандемия кезінде бұл мерзім 6 айға дейін ұзартылған.
"Біз жұмыссыздық бойынша жәрдемақыны 4 айға дейін қысқартып жатырмыз. Бұл мәселе қазір талқыланып жатыр, оны күн тәртібіне шығарып отырмыз. Әйтпесе, кеше ғана жұмыстан шығып, 3 күннен кейін бірден жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуым керек деп өтініш түсіретін жағдайлар өте көп. Мұндай жайттар болып жатыр. Азаматтарға тиесілі емес артық төлемдерге жол бермеу үшін төлемдер бойынша өзгерістер болады", - деді Ертаев.
Сөзінше, жұмыссыз ретінде 1 миллион теңгеге дейін алатын жағдайлар бар.
"Өтініш беріп, төлем алғысы келетін азаматтар бар. Бізде жұмыссыз ретінде 1 миллион теңгеге дейін алатын жағдайлар бар. Олай болуы мүмкін емес қой (...) Біз бұл есептеулерді қайта қарап, жәрдемақының белгілі бір мөлшерін айқындаймыз. Қазір төлемнің ең жоғарғы деңгейі жоқ, енді белгілі бір шек болады. Азаматтарға тиесілі барлық төлем төленеді", - деп толықтырды Еңбек министрлігінің басшысы.