Мұхтар Шахановтың қазақ елі үшін жасаған 5 ерлігі
Мұхтар Шахановтың қазақ еліне шын жанашыр болғанын оның жасаған ерліктерінен көрінеді.
Қазақтың шыншыл ақыны, тіл жанашыры Мұхтар Шахановтың елі үшін жасаған бес ерлігін ұсынамыз, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Вaribar.kz сайтына сілтеме жасап.Әлем назарын Арал мәселесiне аударды
Мұхтар Шахановтың бiрiншi ерлiгi – әлем назарын тартылып бара жатқан Арал мәселесiне аударғаны. Ол 1988 жылы АҚШ-тың Атланта қаласында Арал проблемасы туралы айтып берген. Ақын теңіз тартылып кеткенін ғана емес, соның кесірінен ауру болып туып жатқан сәбилерді де айтқан.
Наурызды қайтаруға мұрындық болды
Екінші ерлігі — діни мереке деп, 60 жыл бойы тойланбай келген Наурызды қайтаруға сеп болғаны. Мұхтар Шаханов сол кездегi Қазақ КСР Коммунистiк партиясы Орталық комитетiнiң басшысы Геннадий Колбинге кіріп, Наурыз мейрамының маңызы мен мәнiн түсіндірген.
Ол кезде мәдениет министрі Өзбекәлі Жәнібеков еді. Министрдің ұйымдастыруымен 1988 жылы Наурыз қайта тойлана бастады. Әуелі Алматы мен қазіргі Жетісу облыстарында тойланды. Ал тәуелсіздік алған соң 1991 жылдан бастап Наурыз мемлекеттік мейрамға айналды.
Горбачевқа Желтоқсан оқиғасына баға беретін комиссия құрғызған
Ақынның үшінші ерлігі — 1989 жылы Бүкiлодақтық пленумда Аралдың тағдырын айтамын деп мінберге шығып алған соң, Желтоқсан оқиғасын көтергені. Мұхтар Шаханов бейбіт шеруге шыққан қазақ халқына таңылған «ұлтшыл» деген айыпты алып тастауды және Желтоқсан оқиғасын бағалайтын тәуелсіз комиссия құруды талап еткен. Ақын жастарға қарсы сапер күрегi мен темiр күрзі қолданылған деп айтқан.
Бес мың адамды, 10 мың адамды, тіпті 100 мың адамды кінәлауға болады. Алайда бүкіл қазақ халқын ұлтшыл деп кінәлауға болмайды ғой. Қазақ ұлтшылдығы деген сөз — бүкіл қазақ халқына айып тағу. Сондықтан халықтан негізсіз айыпты алып тастап, әділет орнатуды сұраймыз, — деді сол кезде Мұхтар Шаханов.
КСРО билігі құлақ аспаған соң, ақын бұл бастаманы екінші рет те көтеруіне тура келді. Кейін КСРО президенті М.Горбачев Желтоқсан оқиғасын зерттейтін бүкілодақтық комисся құруға мәжбүр болды. Сөйтіп шеруге шыққан қазақ жастарды кінәлайтын бір жақты баға тоқтады.
Қазақ тілін мемлекеттік тіл қылды
1989 жылы қоғамның «Қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілсін» деген талабы күшейді. Мұхтар Шаханов ол кезде парламент депутаты еді. 1989 жылғы 22 қыркүйекте Қазақ КСР-інің Тіл туралы заңы қаралған кезде қазақ және орыс тілі тең болсын деген ұсыныс айтылды. Тіпті, депутаттардың басым көпшілігі осы ұсынысты қолдап, дауыс берді. Сол сәтте ақын мінберге шығып, қазақ тілі мемлекеттік тіл болуы керек екенін талап етті. Оның бастамасына қайта дауыс беріліп, ақыры мемлекеттік тіл қазақ тілі болып қалды.
Менің жынды екенімнің арқасында қазақ тілі мемлекеттік тіл болып қалды, — дейді өзі.
Мемлекет медальдарынан бас тартты
Мұхтар Шаханов мемлекеттік марапаттардан бірнеше рет бас тартқан. Оның ішінде Халық қаһарманы атағы да бар. Ол «Отан әр адамның үлкен — анасы, олай болса, адам өз анасына еткен қызметі үшін марапат күтпеуге тиіс» екенін айтқан.
Ақын мемлекет мықты азаматтарды оларға сай әделтті бағалауға тиіс екенін жоққа шығармаған. Тек қоғамда күмәнді жолмен байып, марапат алғандарды сынап отырған.
Қазір түрмеде шіруге тиіс кез келген ұрының кем дегенде екі өрдені, үш медалі бар. Мен ондайлардың қатарынан болғым келмейді, — деген еді Мұхтар Шаханов.