Балалар пюресінен егеуқұйрыққа арналған «у» табылды: тексеріс жүргізілді
Қазақстандағы дүкендерден мұндай пюре өнімі табылмады.
Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті балаларға арналған пюреден егеуқұйрықтың уы табылды деген ақпаратты тексерді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Тексеру барысында Қазақстандағы дүкендерден мұндай пюре өнімі табылмады. Комитеттің ресми мәліметіне сүйенсек, HiPP компаниясының пюресі елімізде сатылмайды. Айта кетейік, бұл компанияның балаларға арналған тамағы Германияда жасалады.
«Германияда жасалатын HiPP балалар тағамынан егеуқұйрықтың уы анықталды деген ақпаратқа байланысты Комитет мынаны хабарлайды: Еуропалық одақтың құзыретті органдарынан Азық-түлік пен жемшөптің сапасы бойынша жедел хабарлау жүйесі (RASFF), сондай-ақ ДДСҰ-ның Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі халықаралық органдар желісінен бұндай ақпарат түскен жоқ. Бұл тамақ Еуразиялық экономикалық одақтың мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерінің Бірыңғай тізіміне тіркелмеген, осыған байланысты оны Қазақстан аумағында және ЕАЭО-ның басқа елдерінде сатуға рұқсат жоқ», - деп хабарлайды комитет.
Дегенмен, комитеттің аумақтық бөлімшелері мониторинг жүргізе келе, Қазақстанның сауда орындарынан мұндай тамақты таппаған.