Қоғам

Бұрынғы сүйіктісіне былапыт хат жазып, қоңырау шалуын тоқтатпаған жігіт 100 сағат көше тазалайтын болды

Ол үш ай бойы бұрынғы сүйіктісіне 150 рет қоңырау шалып, оған және туыстарына қастандық жасайтынын айтқан.

Астанада сот сталкинг бабы бойынша ер адамды жауапқа тартты, деп хабарлады бас прокуратура.

Ер адам бірнеше ай бойы бұрынғы сүйіктісін қудалаған. Қылмыстық жауаптылыққа тартуға оның жүйелі түрде қоңырау шалуы, агрессивті хабарламалар жіберуі және қарым-қатынас тоқтағаннан кейін жеке кездесуге келуі себеп болған.

"Сотталушы 2025 жылдың қыркүйек айынан 2026 жылдың ақпан айына дейін жәбірленушіге 150-ден астам қоңырау шалып, балағат сөздер қолданылған мазмұндағы хабарламалар жіберіп, мазасын алған", - деп жазылған хабарламада.

Кейін ол жәбірленушінің жұмыс орны - сұлулық салонына келіп, жанжал шығарып, мүлікке зиян келтіріп, жәбірленуші мен оның отбасы мүшелеріне қатысты қорқыту сөздерін айтқан. Осының салдарынан елорда тұрғыны үнемі қорқынышта өмір сүруге мәжбүр болған.

Сот үкімімен кінәлі адамға 100 сағат қоғамдық жұмыстар түріндегі жаза тағайындалып, жәбірленушіні іздеуге, қудалауға және онымен байланыс орнатуға тыйым салатын ерекше талаптар белгіленді.

Сондай-ақ сотталушыдан 392 мың теңге көлемінде материалдық шығын және 150 мың теңге мөлшерінде моральдық зиян өндірілді.