Қазақстанда депутаттарды дауыс беру құқығы мен жалақысынан айыру ұсынылды
Ал тұрақты негізде жұмыс істейтін депутаттарға қосымша ретінде бір күндік жалақысынан айыру түріндегі жаза қолданылуы мүмкін.
Қазақстанда мәслихат депутаттарды тәртіп бұзғаны үшін дауыс беру құқығынан айыру мен жалақысын қысқарту ұсынылды Яғни, депутаттарының жауапкершілігін күшейту және өкілеттігін кеңейтуге бағытталған заң жобасы талқыланып жатыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда "Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды талқылап жатыр.
"Мәслихат депутаттарын бір сессия бойы дауыс беру құқығынан айыру және сессияға қатысу құқығын шектеу түрінде жазалау ұсынылады. Тұрақты негізде жұмыс істейтін депутаттарға қосымша бір күндік жалақысынан айыру түріндегі шара қолданылуы мүмкін", - делінген құжат мәтінінде.
Атап айтқанда, оларды бір сессия бойы дауыс беру құқығынан айыру, сессия жұмысына қатыстырмау көзделген. Ал тұрақты негізде жұмыс істейтін депутаттарға қосымша ретінде бір күндік жалақысынан айыру түріндегі жаза қолданылуы мүмкін.
Бұл шараларды қолдану, сондай-ақ депутаттардың қатысуын бақылау мәслихат аппаратына жүктеледі. Тәртіптік жаза қолдану туралы бастаманы мәслихат төрағасы немесе тұрақты комиссия төрағасы көтере алады.
Құжат жергілікті қоғамдастықтардың рөлін күшейтуді көздейді. Заң жобасында азаматтардың жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге қатысуының жаңа тетіктерін бекіту, сондай-ақ жергілікті қоғамдастық жиналыстары мен жиындарының, аумақтық өзін-өзі басқару және аумақтық кеңестердің жұмысын егжей-тегжейлі реттеу ұсынылады. Жобаға сәйкес, мұндай кеңестердің шешімдерін мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары 15 күнтізбелік күн ішінде қарастыру керек.
Жалпы, бұл өзгерістер мәслихаттардың рөлін күшейтуге бағытталған. Бұған дейін сенатор Бибігүл Жексенбай мәслихаттардың, әсіресе қаржы және бюджет саласындағы өкілеттіктері шектеулі екенін айтып, оларды реформалау қажеттігін көтерген болатын.