Дәмханадағы жарылыс: газ құю станциясының директоры мен газ баллондарын жеткізуші ұсталды
Щучинск қаласындағы дәмханада болған жарылыс ісі бойынша автомобиль газ құю станциясының директоры мен газ баллондарын жеткізуші ұсталды, деп хабарлайды Ақмола облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
«Ақмола облысының прокуратурасы Щучинск қаласындағы «Центр плова Loft» кафесінде абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді жалғастыруда. Ағымдағы жылдың 20 сәуірінде арнайы прокурорлар автомобиль газ құю станциясының директорын, сондай-ақ газ баллондарды жеткізушіні ұстады. Олар баллондарды толтыру және жеткізу бойынша қызметтер көрсету кезінде заңнама талаптарын бұзды деп күдіктелуде», - делінген бейсенбі күнгі хабарламада.
Қадағалау органы түсіндіргендей, күдіктілердің әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 306 - бабының 3-бөлігі бойынша (абайсызда екіден көп адамның ауыр зардаптары мен өліміне әкеп соққан, тұтынушылардың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігінің талаптарына сай келмейтін қызметтер көрсету) сараланды. Аталған бап санкциясы сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
«Соттың санкциясымен күдіктілердің біріне қатысты қамауда ұстау, екіншісіне қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Іс бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды», - деп толықтырды прокуратура.
Еске салсақ, 27 ақпанда ҚазТАГ Ақмола облысындағы дәмханада болған жарылыс салдарынан жеті адам қаза тауып (кейін бұл көрсеткіш 12-ге дейін өсті), 20-ға жуық адам зардап шеккенін хабарлаған болатын. Кейінірек облыстық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендердің жағдайы туралы мәлімдеді.
Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов жағдай дереу бақылауға алынып, штаб құрылғанын айтты.
Сондай-ақ, бұған дейін ТЖМ ведомство басшысы Шыңғыс Әріновтің төрағалығымен Щучинск дәмханасындағы жарылыстың себептері мен мән-жайларын анықтау үшін ведомствоаралық комиссия құрылғанын хабарлаған болатын. Оның құрамына бірқатар мемлекеттік органдар мен Ақмола облысы әкімдігінің өкілдері кірді, комиссияға жан-жақты тергеу жүргізу және алдын алу шараларын әзірлеу тапсырылды.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
5 наурызда ҚазТАГ дәмхана иесінің екі айға қамауға алынғанын хабарлаған болатын.