Қазақстанда 7 және 9 мамыр қалай аталып өтеді: Қорғаныс министрлігі түсіндірді
Биыл әскери парад өтпейді, мерекелік іс-шаралар өңірлерде ұйымдастырылады.
Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабеков биыл елде Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күнін қандай форматта аталып өтетінін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Биыл әскери парад жоспарланбаған. Оның орнына өңірлерде 7 және 9 мамыр күндері түрлі іс-шаралар өтеді. Атап айтқанда, плац-концерттер, қару-жарақ пен әскери техниканың көрсетілімдері, сондай-ақ далалық асханаларда сарбаз ботқасы ұсынылады. Біз Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін шақырамыз, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары Сенатта өткен брифингте.
Мұстабековтің айтуынша, бұл шараларды өткізуге министрліктен қаражат бөлінбейді. Қаржыландыру жергілікті деңгейде қамтамасыз етіледі.
Бұл мақсатқа арнайы қаражат бөлінген жоқ, барлық іс-шаралар жергілікті бюджет есебінен өтеді, – деп нақтылады Асқар Мұстабеков.
Айта кетейік, 2026 жылдың мамыр айында мерекелерге байланысты қазақстандықтар қанша күн демалатынын жазған едік.