Қоғам

Блогер Жанәбіловтің әйелі сотта соңғы сөзін айтуға келмеді: сот екі сағат уақыт берді

Эльмира Төлегенова сотта соңғы сөз сөйлеуге келмеді.

Астанада блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова ісі бойынша сот процесі жалғасуда. Соңғы сөз сөйлеуге Төлегенова сот отырысына келмеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Айыпталушылардың адвокаты Гаухар Айтжанова оның қорғауындағы азаматтың денсаулығына байланысты қатыса алмағанын айтты.

«Оған жағдайы нашарлағанын мен сот басталуына бір-екі сағат қалғанда білдім. Жағдайы жақсарады деп үміттендік. Қазір ол дәрігер шақырды. Сондықтан растайтын құжаттарды кейін ұсынамын. Физикалық тұрғыда барып келуге уақыт болмады», — деп түсіндірді адвокат.

Судья Адильбек Баймаханов сот отырысы кезінде денсаулық жағдайын растайтын құжаттардың ұсынылмағанын атап өтті.

«Төлегенованың денсаулығын растайтын құжат ұсынылмағандықтан, сот сіздерге екі сағат уақыт береді — осы мерзім ішінде құжаттарды тапсыру немесе айыпталушыны онлайн түрде қосу қажет. Егер құжаттар ұсынылмаса, сот оның келмеу себебін негізсіз деп бағалап, қылмыстық істі қарауға кедергі келтірді деп есептейді. Мұндай жағдайда сот тиісті шаралар қабылдайды», — деді ол.

Осыған байланысты судья екі сағатқа үзіліс жариялады.