Денсаулық

“Қарсы көрсетілімі бар“. Қазақстанда вакцинациядан бас тарту көбейді

Қазақстанда вакциналаудан бас тартушылар саны артып келеді - соңғы бес жылда бұл көрсеткіш 3,5 есе өсті.

Бұл туралы ОКҚ брифингінде айтылды. Сарапшылар осы жағдай аясында елімізде қызылша және көкжөтелмен ауру өскені байқалып отырғанын ескертеді, деп хабарлайды TengriHealth.

Бас тарту жағдайлары көбейіп жатыр

Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы Иммундық профилактика орталығының басшысы Нұршай Әзімбаева елде жыл сайын екпеден бас тарту оқиғалары артып келе жатқанын хабарлады.

Оның айтуынша, соңғы бес жылда олардың саны 3,5 есе өскен. Тек 2025 жылдың өзінде қызылша мен көкжөтелге қарсы вакциналаудан бас тартудың 25 мыңнан астам жағдайы тіркелді.

"Иммундау саласындағы жетістіктермен қатар, көптеген адам бұл инфекциялардың қаншалықты ауыр өтетінін ұмытып, қазіргі уақытта екпеден бас тартып жатыр", - деді Әзімбаева.

Спикердің айтуынша, осының салдарынан Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай нашарлап барады.

"Соңғы үш жылда елде қызылша мен көкжөтелге қатысты қолайсыз жағдай байқалады. Бұл ретте қызылшамен ауырғандардың 75 пайыздан астамы және көкжөтел жұқтырғандардың 89 пайыздан астамы екпе алмаған балалар", - деді ол.

Сарапшылар бұл үрдіс инфекциялық аурулардың алдын алу және індеттің өршуіне жол бермеу үшін иммундаудың маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдейді деп есептейді.

ОБСУЖДАЕТСЯ СЕЙЧАС

Алматыдағы жантүршігерлік жол апатына кінәлі жүргізуші туралы не белгілі?

24 наурыз 13:041

“Өкінемін, кінәлімін“: Қостанайда полицейге шабуыл жасағандар кешірім сұрады

02 сәуір 14:441

Қорғаныс министрлігі Атырау облысында әскери техника түсірілген видеоға пікір білдірді

31 наурыз 16:221

Бір вакцинадан емес, барлығынан бас тартады

Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Роза Қожапова "ең танымал емес" вакцинаны бөліп көрсету мүмкін еместігін айтты.

"Вакциналау түрлері бойынша бас тартуларды талдағанда, көрсеткіш шамамен бірдей - әртүрлі вакцина түрлері бойынша 40-тан 44 пайызға дейін. Егер анасы бас тартса, ол негізінен барлық вакцинадан бас тартады", - деді ол.

Бас тарту - жалғыз себеп емес

Сонымен қатар ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігі денсаулық сақтау және тамақтану бағдарламалары үйлестірушісі Бауыржан Жүсіпов мәселеге кеңірек қарауға шақырды.

Ол вакциналаудан бас тарту балалардың екпесіз қалуының бір ғана себебі екенін атап өтті. Мұндай үрдіс кейбір жағдайларда медициналық қарсы көрсетілімдермен "бүркемеленуімен" де түсіндірілуі мүмкін деп есептейді сарапшы:

"Бас тарту - бұл себептердің бір бөлігі ғана. Сондай-ақ тұрақты немесе уақытша медициналық қарсы көрсетілімдер бар. Анасы келіп, дәрігерге баласын ектіргісі келмейтінін айтады, ал дәрігер баланың неге егілмегеніне себеп тауып береді".

Ол медицина қызметкерлері арасында вакциналауға қарсы шығатындар болмауы үшін кадрларды даярлаудың маңыздылығын атап өтті.

Барлық спикер вакциналаудан бас тарту - бүкіл әлемге тараған жаһандық мәселе деген пікірге тоқталды.