Қоғам

Қазақстанда 20 мың теңгелік жаңа банкнот шығады

Келесі жылы айналымға номиналы 20 000 теңгелік жаңа банкнот шығады.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 2027 жылы Қазақстанда тағы бір банкнот жаңартылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Айтуынша, келесі жылы айналымға номиналы 20 000 теңгелік жаңа банкнот шығады. Бұрынғысы айналымнан шыққанға дейін дәстүрлі түрде қатар қолданыста болады.

"Бізде бар, дизайнын көрсеттік, бірақ банкноттарды шығару және банктерді, барлық осы банкомат желісін дайындау процесі бар. Қолма-қол ақша айналымы – күрделі дүние, сондықтан ол кешірек, келесі жылы шығады. Осымен банкнот қатары толық жаңартылады", - деді Тимур Сүлейменов бүгін Ұлттық банкте өткен брифингте.

Ал монеталарға қатысты ешқандай шешім әлі қабылданбағанын айтты.

"Монеталарға қатысты ештеңе айта алмаймын, әзірге ешқандай шешім қабылданған жоқ. Қолма-қол ақша айналымына қатысты жоспарларымыз әртүрлі, бірақ әзірге шешім шықпады", - деді Ұлттық банк төрағасы.