«Оларды түсіну үшін тіл емес, жүрек керек!”: Аутизм қауымдастығы кәсіпкерлерден көмек сұрайды...
Нұрия Балтабайқызы: Елімізге әлемдік деңгейдегі тәжірибесі мол мамандарды шақыртып, аутист балалардың қоғамға бейімделіп кетуіне біріге күш салайық.
Аутизм — бұл ауру емес, бұл — әлемді өзгеше қабылдау. Оларға тек біздің түсіністігіміз бен қолдауымыз қажет. Ресми дерек бойынша Қазақстанда 12 мыңнан астам бала аутизммен есепте тұр. Бұл – есепке алынғаны, баласының басқаша екенін қабылдай алмай жүргені, “сөйлеп кетеді, ойнап кетеді, атасы сондай болған, ағасы кеш сөйлеген” деп үмітін үзбей жүргендер қаншама? Нақты цифр 30 000-нан асуы әбден мүмкін.
Сарапшылардың пікірі бұл. Оның үстіне, көп жағдайда балаларға диагноз 3-5 жастан асқанда қойылып жатады. Бірақ бұл - ерте оңалту мүмкіндігін азайтады. Енді осыншама баламыз болғанымен білікті мамандардың тапшылығы, АВА-терапевттер, ерте даму мамандары мен логопедтер жетіспей жатқаны – бүгінде осындай бала бағып отырған ата аналар үшін күйіп тұрған мәселе. Жетпей тұрғандықтан да бәсеке жоқ, бар маманның қызметі қоса қымбат. Қымбат болатындай-ақ бар, себебі ерекше баланың бабын табу – маман түгілі сол баланың ата-анасы мен туғанына қиын екені анық.
Әрбір бала, диагнозы бар болса да болмаса да жарқын болашаққа лайық. Бірақ Қазақстандағы аутизмі бар мыңдаған бала үшін бұл болашақ бұлыңғыр. Осылай деген Аутизмі бар балаларды қолдау қауымдастығы ел экономикасын құрып жатқан жандардан жәрдем сұрайды. “Аяққа тұрып кетуіміз үшін демеп жіберіңіздер” деп өтінген қауымдастық өкілі Нұрия Балтабайқызы, “Біз шағымданбаймыз, күресеміз! Бірақ жалғыз өзімізге өте қиын болып жатыр” деп сұхбат берді. «Аутизм Қазақстан» қауымдастығының төрайымы, “Аутизм — егер қолдау болса, үкім емес. Алайда шындық мынадай: көптеген отбасылар бұл диагнозбен бетпе-бет жалғыз қалады. Ата-аналар қажиды, орталықтардың ресурстары сарқылады, ал қоғамның толыққанды мүшесі бола алатын балалар әлеуметтік оқшаулануға ұшырайды. Біз — күн сайын осы балалардың әрбір қадамы, әрбір сөзі үшін күресіп жүрген қауымдастықпыз. Бірақ бүгін мойындауға мәжбүрміз: бізге барған сайын қиын болып барады” – деді ол.
Расында да бұл мәселе неге әрқайсымызға қатысты?
Бизнес — тек сандар мен пайда емес. Бұл — тағдырларды өзгерте алатын күш. Ерекше даму қажеттілігі бар балаларға көмек — «көрсету үшін» жасалатын қайырымдылық емес, бұл — әр адам бағалайтын ізгілікті қоғамға салынған инвестиция. Нұрия Балтабайқызы, “Біздің мақсатымыз — халықаралық форум өткізу” дейді. - Жүйені өзгерту үшін бірігу қажет. Біз Қазақстанда аутизм мәселелері бойынша ірі халықаралық форум өткізуді жоспарлап отырмыз. Әлемдік сарапшылар озық оңалту әдістерімен бөліседі. Мемлекет пен бизнес отбасылардың шынайы мәселелерін естиді. Аутизмі бар балаларға көмек бір реттік емес, жүйелі түрде көрсетілетін стратегия жасалады” - деген қауымдастық басшысының базынасын өз сөзімен жеткізсек...
Бизнес, үн қатыңыз!
“Біз тек ақша сұрамаймыз. Біз серіктестер іздейміз. Қазақстан балаларының болашағы үшін жауапкершілікті бірге бөлісуге дайын жандарды іздейміз.
Сіздің қолдауыңыз бізге мыналарға көмектеседі:
– Форумды жоғары деңгейде ұйымдастыруға;
– Тәжірибесі баға жетпес мамандарды шақыруға;
– Мыңдаған ата-анаға баласының өмірден шет қалмайтынына үміт беруге.
Бізге өмір сүруге құқық беріңіздер. Осы форумды өткізуге көмектесіп, «аутизм» сөзі қорқыныш тудырмайтын жүйе құруға атсалысыңыз.
Бизнес үшін аутизмі бар балаларды қолдау — жай шығын емес, бедел қалыптастыру мен қоғамға нақты ықпал етудің қуатты құралы екенін түсіну маңызды.
Неге бұл сіздің бизнесіңіз үшін тиімді болуы мүмкін?
Қауымдастықты қолдау — жай қайырымдылық емес. Бұл — сіздің брендіңізге жаңа мағына беретін серіктестік форматы. «Inclusive Kazakhstan» күн тәртібіндегі көшбасшылық Халықаралық форумның серіктесі бола отырып, сіздің бизнесіңіз инклюзивті өзгерістердің көшбасшысы ретінде ерекшеленеді. Қазіргі таңда тұтынушы тек өнімді емес, құндылықтары бар компанияны таңдайды. «Біз инклюзивті қолдауды бірге құрдық» деген сөз - сіздің жаңа жетістік тарихыңыздың бір бөлігіне айналады.
Адал қауымдастық қалыптастыру
Аутизммен бетпе-бет келген отбасылар — мыңдаған адам. Сіздің көмегіңіз оларды сіздің ең сенімді қолдаушыларыңызға айналдырады. Сіз тек «ақша бермейсіз», сіз Қазақстан азаматтарының өмір сапасына инвестиция саласыз, бұл клиенттер, серіктестер және мемлекеттік құрылымдар тарапынан үлкен құрмет тудырады.
ESG көрсеткіштері және халықаралық имидж
Ірі компаниялар мен шетелдік инвесторлармен жұмыс істейтіндер үшін мұндай әлеуметтік жобаларға қатысу — ESG (экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару) халықаралық стандарттарына сәйкестіктің дәлелі. Халықаралық форумға қатысу сізге жаһандық деңгейде өзіңізді танытуға мүмкіндік береді.
Серіктестерге арналған ұсыныстарымыз:
– Форумның бас серіктесі мәртебесі. Сіздің атыңыз әлемдік сарапшылармен қатар барлық халықаралық алаңдарда аталады;
– PR-қолдау: сіздің үлесіңіз Қазақстанның жетекші БАҚ-тарында және қауымдастықтың әлеуметтік желілерінде жарияланады.
«Инклюзивті қолдауды бірге құрамыз!» — бұл жай ұран емес, бұл — әр бала толыққанды өмір сүруге құқылы Қазақстанның жаңа тарихын бірге жазуға шақыру.
- Ерекше балалардың мәселесіне бей-жай қарамайтын брендтерге халықтың сенімі артады.
Олардың әлемі басқаша болуы мүмкін, бірақ олар біздің әлеміміздің бір бөлшегі.
Нұрия Балтабайқызы, «Аутизм Қазақстан» қауымдастығының төрайымы
87010233337
https://www.instagram.com/autism.kazakhstan?igsh=MTB0YmtpaTlzYXV5bw==
https://www.instagram.com/nuriya.baltabaikyzy?igsh=MWpnaW8waGw5ZW1oNw==
Қазақстанда аутизмі бар балалар саны өскенімен, мамандар мен орталықтар жетіспейтінін алға тарты