ҚазҰУ студенттерінің жеке деректерінің таралуы: декан мен қызметкерлері жұмыстан кетті
ҚазҰУ-де декан мен тағы бірнеше қызметкер жұмыстан босатылды.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттерінің жеке деректерінің тарап кетуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Мәжіліс кулуарында журналистер министрден жеке деректердің тарап кетуіне байланысты сұрады.
"ҚазҰУ-дағы жағдайда, былайша айтқанда, адами фактор орын алды, декан мен тағы бірнеше қызметкер жұмыстан босатылды. Талаптарды күшейтіп жатырмыз. Протоколдарды үнемі жаңартып, жойып отырамыз. Қазір мемлекеттік күзет қызметінің мамандарын да тарттық, бірнеше семинар өткізілді. Ақпараттың сақталуына, киберқауіпсіздік пен деректерді қорғауға жауапты барлық қызметкерлерді оқытып жатырмыз", – деді Саясат Нұрбек.
Саясат Нұрбек бірыңғай жоғары білім беру платформасы арқылы барлық деректерді құпия ету жоспарланып отырғанын айтады.
Еске салсақ, бұған дейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да студенттердің жеке деректері таралып кеткенін жазған едік.