3,9 миллиард теңге: Forbes-қа шыққан кәсіпкер Мөлдір Суюншали алаяқтық жасады деген күдікке ілінді
Кәсіпкер Мөлдір Суюншали тағы да бір жылжымайтын мүлікті бірнеше рет сатты деген де күдікке ілінуде.
Таунхаус саламын деп азаматтарды алдап 3,9 миллиард теңге алды деген күдікке ілінген қазақстандық жас кәсіпкер Мөлдір Суюншалиге қатысты тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, 2021–2024 жылдар аралығында Мөлдір Суюншали "Nura Elite" коттедж қалашығын салу сылтауымен азаматтардан қаражат тартқан.
Жоба аясында 37 коттедж және 24 таунхаус салу көзделген. Алайда таунхаустар толық аяқталмаған (тек қаңқалары ғана тұр), 2023 жылдың 4-тоқсанына дейін аяқтау жөніндегі міндеттемелер орындалмаған.
Сатып алушылармен алдын ала сатып алу-сату шарттары жасалған.
"Нәтижесінде 56 адам жәбірленуші ретінде танылып, тартылған қаражаттың жалпы сомасы 3,9 млрд теңгені құраған. Оның ішінде 322 млн теңге Мөлдір Суюншали, жұбайының және анасының есепшоттарына аударылған, сондай-ақ 145 млн теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған", - делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, кәсіпкер бір жылжымайтын мүлікті бірнеше рет сатты деген де күдікке ілінуде.
"Мәселен, жәбірленуші толық төлеген коттедждің бірі күдікті тарапынан жеке міндеттемелері бойынша кепілге қойылып, кейін үшінші тұлғалардың атына рәсімделіп, бірнеше рет қайта сатылған. Суюншали Мөлдір сатыпалушылармен іс жүзінде жер учаскелеріне құқық беруді көздейтін шарттар жасасқан, алайда оларды иеліктен шығаруға заңды құқығы болмаған", - деді агенттік.
Сонымен қатар құрылысқа қажетті рұқсат құжаттары болмағанына қарамастан, ол Перизат Қайраттың "Біз біргеміз" қайырымдылық қоры арқылы бұқаралық ақпарат құралдарында мұқтаж әйелге пәтер берілетіні туралы мәлімдеген. Алайда іс жүзінде тұрғын үй кешенінің құрылысы басталмаған.
Соттың санкциясымен оған үй қамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу жалғасып жатыр.