Алматыда жартылай жалаңаш пышақ ұстаған шетелдік азамат ұсталды
Алматыда полицейлер жартылай жалаңаш және қолына пышақ ұстаған шетел азаматын ұстады.
Алматыдағы Бұқар жырау көшесі бойында қолына пышақ ұстаған жартылай жалаңаш ер адам көпшілікті шошытты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы видео әлеуметтік желіде тараған. Бейнежазбада іш киіммен көшеде жүрген ер адам көрінеді. Оның қолында пышаққа ұқсас зат болған. Қала тұрғындары полиция жасағын шақыртқан.
Оқиға орнына жеткен полицейлер мән-жайды анықтады. Полиция департаменті тәртіп бұзушының анықталып, ұсталғанын хабарлады.
"Бұл – 1990 жылы туған шетел азаматы. Ұстау кезінде өзін оғаш ұстап, іс-әрекетіне қатысты мардымды түсініктеме бере алмады. Сондай-ақ көші-қон заңнамасын бұзу деректері де анықталды", - деп хабарлады ведомство.
Қазіргі уақытта ер адам қабылдау-бөлу орнына қамалған.