Қызылордада қоғамдық қор жетекшісі әйелге жаңа туған сәбиін 1 млн теңгеге сатуды ұсынған
- автор kyn.kz
- Бүгін, 11:44
- 55
Сәуір айында адам саудасына қатысты 41 қылмыс тіркелді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер министрлігі мәліметіне сәйкес, адам саудасына қатысты 41 қылмыстың ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты 9 дерек анықталды.
Соның бірі - Қызылорда облысында жаңа туған сәбиді сату схемасы әшкереленді.
"Анықталғандай, 25 жастағы әйел бала туғанға дейін және туғаннан кейін мамандандырылған қоғамдық қорда тұрған. Оның баладан бас тартуына байланысты қор жетекшісі делдал ретінде әрекет етіп, сәбиді асырап алу мақсатында облыстың 50 жастағы тұрғынына бір миллион теңгеге сатуды ұсынған", - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Үшеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сонымен қатар Алматы қаласында қылмыстық мақсатта пайдалану үшін адам саудасымен айналысқан ұйымдасқан топқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.
Белгілі болғандай, қылмыстық топтың заңсыз әрекеті тұрақты мекенжайы жоқ азаматтарды іздеп тауып, олардың жалған оң несие тарихын қалыптастырып, кейін сол адамдардың атына Алматы және Шымкент қалаларында қымбат автокөліктер рәсімдеп, одан әрі сатуға бағытталған. Қазіргі уақытта негізгі ұйымдастырушылар ұсталды. Тергеу жалғасып жатыр.
Ал Жетісу облысында жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 2005 және 2007 жылы туған жергілікті екі тұрғынға қатысты мәжбүрлі еңбек фактісі анықталып, жолы кесілді. Анықталғандай, оларды ұрлап әкетіп, бір ай бойы күш қолдану арқылы заңсыз бостандығынан айырып, тұрмыстық химия өндірісінде жұмысқа жеккен. Осы факт бойынша адамды қанау мақсатында ұрлау дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жәбірленушілерге медициналық көмек көрсетілді.
"Абай облысында жүйелі табыс табу мақсатында Қазақстанның бірнеше қаласында вебкам бизнеске арналған порностудиялар ұйымдастырған ерлі-зайыптылар ұсталды. Олар өзара міндеттерді бөлісе отырып, модельдік келбеті бар жас қыздарды іздеумен және осы іске тартумен, сондай-ақ порнографиялық сипаттағы түсірілімдер жүргізуге арналған орындарды ұйымдастырумен айналысқан", - дейді спикер.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында, Абай, Атырау, Жамбыл, Павлодар және Маңғыстау облыстарында дәстүрлі емес сексуалдық бағдардағы заңсыз әрекеттерге және жастарды азғындатуға белсенді түрде тартылған күдіктілерге қатысты 20 қылмыстық іс қозғалды. Адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ) жұқтыру фактісі бойынша 15 сотқа дейінгі тергеп-тексеру және порнографиялық материалдарды заңсыз тарату бойынша 5 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.



