Түркістан облысында дәрігерлер ине жұтып қойған 9 айлық сәби аман алып қалды
Сәби абайсызда ине жұтып қойған.
Түркістан облысында дәрігерлер өңешінде ине тұрып қалған 9 айлық сәбиді аман алып қалды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі өңірлік денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Ведомствоның Instagram-дағы аккаунтында жарияланған мәліметке сүйенсек, Түркістан облыстық балалар ауруханасына жедел жәрдем қызметі түнгі уақытта 9 айлық сәбиді шұғыл жеткізген.
"Уақыт жоғалтпай, эндоскопиялық әдіс қолданылып, өңеште тұрып қалған ине сәтті түрде алынды. Медициналық көмектің жедел әрі кәсіби көрсетілуінің арқасында ықтимал асқынулардың алдын алу мүмкін болды", - делінген хабарламада.
Мамандар ата-аналарға балалардың қолы жететін жерде ұсақ әрі өткір заттарды қалдырмауды ескертеді. Осындай жағдай болса, уақыт жоғалтпай, дереу медициналық көмекке жүгіну өте маңызды екенін еске салады.