Қоғам

Қазақстанда алименттің ең төменгі мөлшері белгіленеді

Республикалық ЖСО палатасы мәліметінше, Қазақстанда 12 мыңға жуық адам алимент төлемей жүр.

Республикалық жеке сот орындаушылары палатасының төрағасы Нұржан Арынғазинов алимент туралы айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Палата басшысының сөзінше, алимент төлеушілер тиісті сомадан аз төлеу үшін көбіне табысын әдейі төмендетіп көрсетеді. Он мыңдаған қазақстандық баласына айына небәрі 15 мың теңге төлесе, енді бірі заңды міндеттемелерін орындаудан мүлдем жалтарып жүр.

"Біз баланың тамақтануы, киімі, білім беру курстары мен бос уақыты сияқты базалық қажеттіліктерін ескере отырып, алименттің ең төменгі сомасын заң жүзінде бекітуді ұсынамыз. Бұл жалған жұмысқа орналасу мәселесін шешеді. Борышкер ең төменгі жалақыны (2026 жылы 85 000 теңгеред. еск.) көрсетіп, жұмысқа жалған орналасқан жағдайда, бала айына небәрі 15 мың теңге алимент алатын кездер жиі кездеседі. Мұндай сомаға баланы асырау мүмкін еместігін бәріміз түсінеміз", - деді Нұржан Арынғазинов Мәжіліс кулуарында.

Ол журналистер алименттің белгіленген сомасы ең төменгі жалақыдан аз немесе көп болуы керек пе деген сұрағына бұл мәселенің талқылауда деп жауап берді.