«ATYRAU VOLUNTEER FEST»: мыңға жуық жасты біріктірген ауқымды алаң
Атырау қаласында «ATYRAU VOLUNTEER FEST» фестивалі өтіп жатыр.
Ауқымды шараға өңірден шамамен 1000 ерікті мен белсенді жастар, сондай-ақ халықаралық және отандық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Фестивальдің басты ерекшеліктерінің бірі – спикерлермен ашық кездесулер. Күн бойы түрлі сала сарапшылары мен қоғам қайраткерлері жастармен тәжірибе алмасып, өзекті тақырыптарды талқылауда.
Алғашқы сессияда БҰҰ Балалар қорының (UNICEF) жастармен жұмыс жөніндегі үйлестірушісі Шарбану Нұрғазы және қоғам қайраткері, IT-кәсіпкер Алпамыс Жарылқасинов сөз сөйледі. Спикерлер волонтерліктің жаһандық деңгейде дамуы жастардың көшбасшылық қасиеттерін қалыптастырып, азаматтық жауапкершілігін арттыратынын атап өтті.

Келесі кездесуге ТМД елдері бойынша БҰҰ Еріктілер бағдарламасының серіктестік жөніндегі маманы Нұрай Мамытова, «Жастар Рухы» жастар қанатының төрайымы Ақерке Нұрғалиқызы және кинорежиссер, журналист Әлия Әшім қатысты. Олар жастар үшін жергілікті және халықаралық деңгейдегі волонтерлік бастамаларға қатысу мүмкіндіктері ашық екенін, бұл тәжірибе жинақтап, кәсіби дамуға жол ашатынын айтты.
Іс-шара барысында Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамуратов еріктілер бастамаларына қолдау алдағы уақытта да жалғасып, кеңейтілетінін жеткізді.
– Бүгінде Атырау облысында волонтерлік қозғалыс жүйелі түрде дамып келеді. Өңірде мыңға жуық жас ерікті және 150-ден астам «күміс» ерікті бар, 30 үкіметтік емес ұйым тіркелген, олардың 12-сі белсенді жұмыс істейді. Сонымен қатар 4 бастамашыл топ қызмет етеді. Бұл жастардың қоғамдық өмірге белсенді қатысып, әлеуметтік жауапкершілігін сезінетінін көрсетеді, – деді Д. Шамуратов.
Кешкі сессияда Ұлттық волонтерлік желінің фронт-офис жетекшісі Айбек Досымбетов пен психофизиолог, нейропсихолог Абдрашит Түлкібайдың қатысуы жоспарланған.
Фестиваль аясында 15-ке жуық халықаралық және жергілікті ұйым өз қызметін көрме форматында таныстыруда. Қатысушылар экология, медицина, әлеуметтік көмек, төтенше жағдайлар және жануарларды қорғау салаларындағы жобалармен танысуда.
Фестиваль сағат 22:00-ге дейін жалғасып, гала-концертпен аяқталады. Кештің хедлайнері – танымал орындаушы ARO.
Іс-шара Атырау облысының ішкі саясат басқармасының қолдауымен өтіп, «Жастар Рухы» жастар қанатының облыстық филиалы тарапынан ұйымдастырылған.