"Жала жауып отыр": атыраулық блогерге арықтауға кеңес берген Меруерт Түсіпбаеваның басы дауға қалды
Меруерт Түсіпбаева өзін арыз жазғанына кінәлаған блогердің жала жапқанын айтты.
Қазақстандық блогер Заида Онуора өзінің үстінен әнші Меруерт Түсіпбаеваның полицияға арыз жазғанын айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Алайда әнші блогердің өзіне жала жауып отырғанын жеткізді. Атыраулық кәсіпкер, блогер мен әншінің арасындағы дау ушыға түсті.
Оқиға Меруерт Түсіпбаеваның блогердің видеосына «арықтау керек (худеть)» деп пікір қалдыруынан басталған. Заида Онуора оған бірден жауап беріп, әншіге өз ісімен айналысуға кеңес берген. Көп ұзамай блогер полициядан қоңырау түскенін мәлімдеді.
«Бүгін маған полициядан хабарласып, оның үстімнен арыз жазғанын айтты. Окей. Мені 9 жасымнан 16 жасыма дейін гормоналды препараттармен емдеді. Преднизолонды өте көп мөлшерде бергені және басқа да көптеген дәрілерді бергені есімде қалыпты. Соның салдарынан мен ес білгелі артық салмақпен күресіп келемін. Достар, біздің де үйімізде айна бар, біз мұны жақсы білеміз. Артық салмағы бар адамдар әрдайым өзімен күреседі. Шексіз диеталар ұстап, жаттығу да жасайды. Біреуге «арықта» немесе «сен семізсің» деп жазуға болмайды. Тіпті біз диванда жатып, тамақ жеп жатсақ да, сіздің шаруаңыз болмасын. Бұл сіз айналысатын шаруа емес», - деді Заида Онуора өз мәлімдемесінде.

Меруерт Түсіпбаева Заида Онуора «хайп» жасау үшін жалған ақпарат таратып отырғанын айтады.
«Мына әйел дәл осы сөзіне жауап берсін. Жалған ақпарат таратқаны үшін енді бәрі күрделенеді. Қалғанын адвокаттар шешеді. Алматы полициясы хабарласты дей ме? Қандай телефоннан? Аты-жөні кім? Қазір ешқандай құзырлы орган ешкімге хабарласпайды, бастары екеу болса да. Хайпты керемет жасайды екен. Қайдағы полиция? Қайдағы сот? Дәлелдесін сөздерін! Сотқа шақырту келсе, желіге салсын. Қасақана жала жауып отыр», - деп жазды Меруерт Түсіпбаева әлеуметтік желіде.