Басты жаңалықтар

Әл-Фараби даңғылындағы үш адамның өмірін қиған жол апаты: ІІМ тергеу барысы туралы айтты

Қылмыстық іске қатысты тергеу аяқталуға жақын.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Алматыдағы әл-Фараби даңғылында адам өліміне әкеп соқтырған жол апаты бойынша тергеу амалдарына қатысты айтты,  деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, тергеу аяқталуға жақын.

"Қылмыстық істі тергеу бойынша барлық дерлік сараптама алынды. Алдағы екі аптада тергеудің аяқталғаны туралы жариялауды жоспарлап отырмыз, өйткені қажетті тергеу амалдары аяқталып жатыр. Тергеу соңына жетіп қалды", - деді ІІМ басшысының орынбасары.

Еске салайық, 21 наурызға қараған түні Алматыдағы әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында Mercedes пен Zeekr автокөліктері соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам қаза тапты.

Mercedes маркалы көліктің 29 жастағы жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Жол апаты кезінде ол мас болған.

Оған қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.