Зейнетақы қорынан ақша алуға болатын ең төменгі сома қайта есептелінеді: еңбек министрлігі түсіндірді
Министрлік зейнетақы жинақтарын кез келген уақытта алып жұмсайтын депозит ретінде қарастыруға болмайтынын айтады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға арналған ең төменгі жеткілікті шегін қайта қарау себептерін түсіндірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Министрліктің мәлімдеуінше, зейнетақы жинақтары зейнетке шыққаннан кейінгі тұрақты табыс көзіне айналуы тиіс. Бұл қаражатты кез келген уақытта алып жұмсайтын депозит ретінде қарастыруға болмайды.
“Қазіргі әдістеме жинақтың жеткілікті шегінен асатын бөлігін алуға мүмкіндік береді. Алайда ол көбіне "мінсіз" сценарийге негізделген, яғни азамат тұрақты түрде міндетті зейнетақы жарналарын аударып, зейнет жасына дейін қажетті соманы жинайды деп болжанады. Ал өмірде кездесетін жағдайлар, мысалы, тұрақты табыстың болмауы немесе жұмыссыздық кезеңдері ескерілмейді”, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, соңғы үш жылда ең төменгі шек өзгермей келген, бұл да жаңа өзгерістерге негіз болған.
Осыған байланысты министрлік экономикалық тұрғыдан негізделген жаңа есептеу әдістемесіне көшеді. Енді қордан алуға болатын шектің ең төменгі сомасы есептелгенде, адамның болжамды өмір сүру ұзақтығы, инвестициялық табыстылық және болашақ төлемдердің мақсатты деңгейі ескерілмек.
Мысалы, 46 жастағы салымшының шотында 11 млн теңге болса, оның жасына сәйкес ең төменгі шек 7,8 млн теңге. Бұл жағдайда ол 3,2 млн теңгені шешіп ала алады.
Алайда осы соманы пайдаланған жағдайда, болашақта Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алатын ай сайынғы төлем ең төменгі деңгейде қалыптасуы мүмкін. Қазіргі есеп бойынша бұл – ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы, яғни шамамен 35,6 мың теңге.
Ал жинақтағы қаражатты сақтап қалған жағдайда, болашақ зейнетақы көлемі шамамен 2–2,5 есе жоғары болуы ықтимал.