"Ешкімге айтпаған": шетелдіктер асырап алған Жәнібектің анасына қатысты мәлімет пайда болды
Шетелдіктер асырап алған Жәнібек Савалиевке қатысты жаңа мәлімет пайда болды.
Бельгиядағы отбасы асырап алған Жәнібек Савелиев есімімен танымал Мұрат Савелиевке қатысты тың ақпарат тарады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
«Қазақ радиосына» тыңдарман өзінің қайын әпкесі Жәнібектің анасы болуы мүмкін екенін айтып хат жазған.
«Бұл ақпараттың нақты Жәнібекке қатысы бар ма, жоқ па, білмеймін. Бірақ, бір ақпаратым бар. Менің туған қайын әпкем Моңғолия мемлекетінен 2002 жылы Арқалық қаласына оқуға келген. Сол кезде ол кісінің аяғы ауыр болған екен. Оны ешкімге, тіпті елінде қалған әке-шешесіне де айтпаған. Содан, ол кісі 2002 жылы не 17 қаңтар, не 17 ақпан күні аман-есен босанып, дүниеге ұл бала әкеліпті. Арқалықта ешқандай туысы болмаған соң, бір жағынан өзі студент болғандықтан, ол кісі баланы перзентханаға тастап кетіпті. Және «өз еркіммен баладан бас тартамын» деп қолхат жазып беріпті. Қазір енді сол баласының қайда екенін іздейді. Білгісі келеді. Кейде Жәнібекті әлеуметтік желіден немесе теледидардан көріп қалғанда, өзіне қатты ұқсатады. Кейде «Жәнібек менің балам емес пе!?» екен деп ойлайды. Баласы емес пе, жоқ па, соны білу үшін ДНҚ қан тапсыруға дайын», - дейді радиоға хат жазған келіншек.
Қымбат Досжан мен «Қазақ радиосының ұжымы» егер Жәнібек қан тапсыруға келіссе, оның нәтижесін журналист жариялайтынын мәлімдеді.
«Құрметті оқырман, Торғай топырағында туып, шетел асқан Jani Savelievтің туған анасы болуы мүмкін азаматша туралы хат келді. Хатта айтылған дерек Жәнібектің мәліметіне сай келеді. ДНҚ тест тапсырса, нәтижесін Қымбат Досжан айтады. Көбі «Бармысың, бауырым?» редакциясына хабарласып, Жәнібектің жайын сұрайды. Жәнібек Қазақстанға келген күннен бері редакция іздеу жұмысын бір сәтке де тоқтатқан жоқ. Көптеген кедергіге қарамастан, Жәнібектің анасын табу мақсатында барынша жұмыс істеп жатыр. Егер маңызды мәліметіңіз болса, сіз де редакцияға хабарлама жолдаңыз: +7 777 983 7896», - деп жазылған радионың ресми парақшасында.