Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің сыртқы саясат министрі Сергей Лавровқа ілтипат білдіріп, Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында дамып келе жатқанын атап өтті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Президент бұған дейін жоғары деңгейде қол жеткізген уағдаластықтарды, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтудың маңызын айтты.
Кездесуде Владимир Путиннің мамырдың соңында Қазақстанға сапарына дайындық мәселесіне ерекше назар аударылды.
Мемлекет басшысы Астана аталған жағдайға айрықша мән беріп отырғанын жеткізді.
“Бұл сапарды биылғы екіжақты күн тәртібінің ең негізгі іс-шарасы ретінде қарастырамыз. Екі елдің одақтастық қатынастарын ілгерілетуде аталған сапар маңызды рөл атқарады деп сенеміз”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сергей Лавров Тоқаевқа Ресей президентінің сапарына дайындық барысы туралы ақпарат берді.
Сонымен қатар Қазақстан мен Ресей арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастықтың басты мәселелері үкіметтер мен сыртқы істер министрліктері деңгейінде пысықталып жатқанына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сергей Лавров халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.




