Қоғам

Шымкентте өзін экономикалық тексеру қызметкерімін деген алаяқ 25 миллион теңгені қалтасына басқан

Өзін ЭТҚ қызметкері ретінде таныстырған алаяқ компаниялардың бірінің басшысынан алдау жолымен 25 млн теңге иемденген.

Шымкент қаласы бойынша Қаржы мониторингі агенттігінің департаменті өзін экономикалық тергеп-тексеру қызметінің қызметкерімін деп таныстырған алаяқты ұстады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Агенттіктің мәліметінше, 2025 жылғы қыркүйекте күдікті өзін ЭТҚ қызметкері ретінде таныстырып, жергілікті компаниялардың бірінің басшысынан алдау жолымен 25 млн теңге иемденген.  Алаяқ ақшаны медициналық мекемені тексерілуі жоспарланған субъектілер тізімінен алып тастауға жәрдемдесемін деген сылтаумен алған.

"Ақша қаражаты медициналық мекемені тексеруге жататын субъектілер тізімінен шығарып беруге ықпал ету сылтауымен алынған", - делінген хабарламада.

Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.

ҚМА ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайтынын мәлім етті.

"Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды сақ болуға, ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеруге және алаяқтардың айласына алданбауға шақырады.