Денсаулық

Екпе балада аутизм тудыра ма?: дәрігер вакцинаға қатысты айтты

Дәрігер аутизм екпе егуден болмайтынын айтты.

Дәрігер екпе егу аутизм тудыра ма деген сұраққа жауап берді. Маманның сөзінше, көптеген ата-ана аутизмнің алғашқы белгілері екпенің әсерінен деп біледі. Өйткені баланың мінез-құлқындағы өзгерістер кейде екпе салынғаннан кейін көп ұзамай байқалуы мүмкін, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Астаналық медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты инфекционист дәрігер Динагүл Баешева вакцина аутизм тудырмайтынын айтады.

“Вакцина мен аутизм – қазіргі медицинадағы ең көп зерттелген мәселелердің бірі. Кейінгі 25 жылда әртүрлі елдерде миллиондаған баланың қатысуымен ауқымды зерттеулер жүргізілді. Олардың қорытындысы бір: вакцина аутизм тудырмайды”, – деді Баешева.

Аутизмнің алғашқы айқын белгілері – көзге тіке қараудың азаюы, сөйлеудің кешігуі, қарым-қатынас жасау ерекшеліктері көбіне 1,5-2 жас аралығында байқалады. Дәл осы кезеңде балаларға ревакцинация жасалады.

Сондықтан ата-аналарда баласындағы өзгеріске екпе себеп болды деген ой пайда болуы мүмкін.

“Екі оқиға бір уақытта болғаны – біреуі екіншісіне себеп болды дегенді білдірмейді”, – деп түсіндірді дәрігер.

Баешеваның сөзінше, аутизм – баланың ми дамуының ерекшелігі. Ол бала дүниеге келмей тұрып қалыптасады. Мұнда генетикалық факторлар, ДНҚ ерекшеліктері және жүйке жүйесінің дамуы маңызды рөл атқарады.

 Дәрігер сондай-ақ екпелер аутизмі бар балаларда сөйлеу қабілетін жоғалту немесе бұрын қалыптасқан дағдылардан айырылу қаупін арттырмайтынын айтты.

Баешева вакцинадан бас тарту ауыр салдарға әкеп соғуы мүмкін екенін ескертті.

Инфекционист екпелер балаларды көкжөтел, қызылша, паротит, дифтерия және басқа да қауіпті басқарылатын инфекциялардан қорғайтынын еске салды.

“Құрметті ата-аналар, сақ болыңыздар, балаларыңызға екпе салдырыңыздар, оларды қорғаңыздар, балаларыңызға инфекциясыз, дені сау өмір сүруге мүмкіндік беріңіздер”, – деді Динагүл Баешева.