Қоғам

Жылдамдықты сағатына 2 шақырымға асырғаны үшін айыппұл салына ма: ІІМ желідегі ақпаратқа пікір білдірді

«Сағатына 2 шақырымға асыру үшін айыппұл салынады» деген мәлімдемелер – жалған ақпарат.

Әлеуметтік желіде жылдамдықты тіркеу шегі төмендеп, енді белгіленген жылдамдықты сағатына 2 шақырымға асырған жүргізушілерге де айыппұл салынады деген ақпарат тарады. Бұған қатысты Ішкі істер министрлігі мәлімдеме жасады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Ведомство дерегінше, құқық бұзушылық үшін жауапкершілікке тарту тәртібі өзгерген жоқ. Бұрынғыдай әкімшілік жауапкершілік белгіленген жылдамдықты сағатына 10 шақырымға және одан жоғары асырған жағдайда ғана қолданылады.

 «8 мамырдан бастап күшіне енетін бірлескен бұйрық тек камералардың жұмыс тәртібіне қатысты, яғни олардың өлшеу дәлдігі мен рұқсат етілген қателік шегін нақтылайды. Бұл құжат жүргізушілерге ешқандай жаңа талап енгізбейді және жауапкершілікке тарту шегіне әсер етпейді», дейді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Осылайша «сағатына 2 шақырымға асыру үшін айыппұл салынады» деген мәлімдемелер – жалған ақпарат.

«Аталған ақпаратты таратқан тұлға анықталды. Қостанай облысы Рудный қаласының тұрғыны сот шешімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырамыз», – деді.

Жылдамдықты сағатына 10-20 сағатқа асыру –  5 айлық есептік көрсеткіш, яғни 21 625 теңге;

20–40 км/сағатқа асыру – 10 АЕК, яғни 43 250 теңге;

40–60 км/сағатқа асыру – 20 АЕК, яғни 86 500 теңге;

60 км/сағат және одан жоғары асыру – 40 АЕК, яғни 173 000 теңге.

Ал бір жыл ішінде заң бұзушылық қайталанса, айыппұл көлемі артады. Мәселен, жылдамдықты 20–60 км/сағатқа асырғаны үшін 30 АЕК, яғни 129 750 теңге, ал 60 км/сағат және одан жоғары асырғаны үшін 60 АЕК, яғни 259 500 теңге төлеуге тура келеді.