Қоғам

Елімізде жарық қымбаттайды

Электр энергия 4-5 пайызға өсуі мүмкін.

Елімізде жарық бағасы қымбаттауы мүмкін. Бұған себеп — энергия өндіруші ұйымдардың миллиардтаған берешегі. Енді сол қарызды өтеу үшін тарифті көтермек, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов отын үшін толық есеп айырыспаған энергия өндіруші кәсіпорындардың тізімін таныстырды. Олардың алтауы — газға, ал біреуі көмір үшін қарыз. Кәсіпорындардың жалпы берешегі 37 миллиард теңгеден асып жығылады. Енді қарызды өтеу үшін тарифті көтеру мәселесі қарастырылып жатыр. Дегенмен қандай шешім қабылданса да, халықтың қалтасына шамадан тыс салмақ түсірмеу жағы да ескерілетін болады, дейді вице-министр.

«Бұл қарыз өткен жылдың екінші жартысында газ бағасының өсуіне байланысты пайда болды. Болашақта олар тариф арқылы өтеледі. Қазір тиісті өтінімдер қаралып жатыр. Жалпы әсері үлкен болмайды, орта есеппен тариф 4-5 пайызға өсуі мүмкін», дейді ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов.