Қоғам

"Ауырып жүрмін деді": Ақтөбе облысында 43 жастағы әкім өзіне қол салды

Темір ауданындағы Кеңқияқ ауылдық округінің әкімі өз-өзіне қол жұмсады.

Ақтөбе облысы Темір ауданындағы Кеңқияқ ауылдық округінің әкімі Қуанышбек Серікжанов өз-өзіне қол жұмсады. 43 жастағы шенеуніктің денесі өз үйінен табылған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

Темір ауданының әкімі Алмас Жақсылықов соңғы апталарда Серікжановтың ем қабылдап жүргенін және жұмыстан кетуді жоспарлағанын айтты.

«Бұған дейін әріптесіміз еңбек демалысында болды, кейін емделді. 4 мамыр күні келіп: «Ауырып жүрмін, енді жұмысқа шықпаймын» деді. Біз оған ойлануға уақыт бердік. Оны жақсы танитынбыз, жақсы әріптес болды», – деді Жақсылықов.

Қуанышбек Серікжанов Кеңқияқ ауылдық округі әкімі қызметіне 2023 жылдың қазан айында тағайындалған. Мемлекеттік қызметте 2014 жылдан бері жұмыс істеген. Артында төрт баласы қалды.