Қоғам

Өскемендегі зауыттағы жарылыс: кінәлілерді 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр

Қазіргі уақытта іс бойынша күдіктілер анықталған жоқ.

Өскемендегі «Казцинк» зауытындағы жарылыс фактісі бойынша тергеу-жедел тобы құрылып, жұмысқа кірісті. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлім етті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

«Тергеу-жедел тобы Төтенше жағдайлар министрлігінің басшылығымен жұмыс істеп жатыр. Сондықтан басқа орган атынан пікір білдіру дұрыс болмас еді. Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 156-бабы 4-бөлігі бойынша қозғалды. Аталған бап 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады», – деді Әділов Мәжіліс кулуарында.

Оның айтуынша, тергеу-жедел тобы тәжірибелі мамандардан жасақталған. Қазіргі уақытта 10-нан астам сот сараптамасы тағайындалған.

«Негізгі сараптамалардың бірі – жарылыстың нақты себебін анықтау. Алдын ала нұсқалар ретінде технологиялық процестің бұзылуы және адами фактор, атап айтқанда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау ережелерінің сақталмауы қарастырылып отыр. Бұл – негізгі екі нұсқа. Қазір тиісті мемлекеттік органдардың, соның ішінде салалық министрліктердің мамандары жұмыс істеуде. Сараптамалардың нәтижелері мен комиссия қорытындылары тергеуге нақты бағыт береді», – деді министрдің орынбасары.

Қазіргі уақытта іс бойынша күдіктілер анықталған жоқ.

«Тергеу бастапқы кезеңде. Барлық сараптамалардың нәтижесін күту қажет. Алда ауқымды жұмыс тұр», – деп қосты Санжар Әділов.

Еске салайық, 5 мамыр күні таңертең Өскемен қаласындағы «Казцинк» ЖШС-нің қорғасын зауыты аумағында, электролиз цехының балқыту бөлімінде жарылыс болып, 120 шаршы метр аумақта өрт шыққан. Сондай-ақ цех конструкцияларының 220 шаршы метр аумағында құлау тіркелген. Құтқарушылар келген кезде цех ашық жалынмен жанып жатқан.