Арулар

Қазақстанда қанша ер адам өмір сүретіні белгілі болды

Елімізде 10 044 673 ер адамның көп бөлігі Алматы мен Түркістанда өмір сүреді.

Қазақстанда 10 044 673 ер азамат өмір сүреді. Олардың басым бөлігі қай өңірде және немен айналысатыны жайында мәлімет пайда болды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Ұлттық статистико бюросының мәліметінше, 10 044 673 ер азаматтың 56 пайызы 16 жастан 60 жасқа дейінгілер.

0-15 жас аралығындағы ұл балалар жалпы ерлер санының 30,2%-ын құраса, 16-60 жас аралығындағы азаматтар үлесі 56,5%-ға жетеді. Ал 61 жастан асқан ерлердің үлесі – 13,3%.

Ер азаматтар ең көп шоғырланған өңірлердің қатарында Алматы мен Түркістан облысы тұр. Бұл өңірлердің әрқайсында шамамен 1,1 млн ер адам тұрады. Сонымен қатар Алматы облысында 806,5 мың, ал Астанада 785,4 мың ер азамат тіркелген.

Қазақстандағы ерлердің орташа жасы 31,1 жасты құрайды. Ал ер азаматтардың өмір сүру ұзақтығы – 72,19 жыл деп көрсетілген.

2025 жылғы дерек бойынша, жұмыспен қамтылған халықтың 51,6%-ы немесе 4,8 млн адам – ер азаматтар. Жалдамалы жұмысшылар арасындағы ерлердің үлесі 50,6% болса, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар арасында бұл көрсеткіш 55,1%-ға жетеді.

Ең көп еңбек ететін бағыт – өнеркәсіп саласы. Мұнда жұмыспен қамтылған ерлердің үлесі 16,5%-ды құрайды. Одан кейін көтерме сауда –14%, ауыл шаруашылығы – 12,4%, көлік және қоймалау саласы – 11,1%. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлердің 54,7%-ы ер адамдар.

Жас ерекшелігіне келсек, еңбек нарығындағы ең белсенді топ – 35-44 жас аралығындағы азаматтар. Бұл санатта 1,4 млн ер адам жұмыспен қамтылған.

2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша Қазақстанда ұл балаларға ең жиі қойылған есім – Алан болды. Статистикаға сәйкес, бұл есім 817 сәбиге берілген.

Ең танымал ер балалар есімдерінің алғашқы бестігіне сондай-ақ Айсұлтан, Алихан, Мұхаммед және Рамазан есімдері енді.