Қоғам

"Жалақы алатын жандарды қуантқымыз келеді": Серік Жұманғарин ең төменгі жалақыны көтеруге қатысты пікір білдірді

Ұлттық экономика министрлігі ең төменгі жалақыны өсіру туралы айтты.

Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннен Қазақстандағы ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) көтеруге қатысты айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі ЕТЖ-ны бірден екі есеге жуық, яғни 85 мыңнан 150 мың теңгеге дейін көтеру мүмкіндігін жоққа шығармаған болатын.

Вице-премьердің айтуынша, ЕТЖ-ны көтеру мәселесімен жеке жұмыс тобы айналысып жатыр.

"Қазір осы мәселені қарастырып жатырмыз. Әдістеменің өзі өте икемді. Бүгінгі таңда ЕТЖ - екі айнымалының функциясы. Олар - еңбек өнімділігі мен медианалық жалақы. Соған сәйкес, ЕТЖ деңгейін реттеу үшін біз енгізген белгісіздік коэффициенті де бар. Бірақ оны қаншалықты көтереміз немесе көтереміз бе, жоқ па - мұның бәрі бюджет мүмкіндіктеріне байланысты болады", - деді Серік Жұманғарин.

Қазіргі кезде бюджетке есептеулер жүргізіліп жатқанын айтты.

"Біз үш жылдық бюджетті қалыптастыруды бастап кеттік. Әрине, осындай деңгейде жалақы алатын жандарды қуантқымыз келеді. Бірақ нақты "иә" деп айту үшін барлық есептеулерді дұрыс жүргізу керек, себебі бұл - бюджеттің белгілі бір шығындары", - деді Жұманғарин.